АЛМАТЫ, 17 сәуір –Sputnik, Айгерім Таубай. Қазақстанда төтенше жағдай 16 наурызда енгізілді, сол уақыттан бастап университет студенттері қашықтан оқуға көшті. 6 сәуірден бастап мектеп оқушылары да түрлі платформаны қолданып, білім алып жатыр. Sputnik Қазақстан тілшісі студенттердің бір айдан бері қалай білім алып жатқанын, мектеп оқушыларының сабаққа қатысу белсенділігі жайында білді.
Тауда отырып сабақ оқиды
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің 2-курс студенті Құрмет Төлеужан елде төтенше жағдай жарияланған соң Алматы облысы Сарқан ауданы Абай ауылындағы үйіне қайтқан. Қазір қашықтан оқып жатқанына бір ай болды. Алайда Құрмет тұратын ауылда интернет жұмыс істемейді. Сол себепті күн сайын ауыл сыртындағы тауға барып, сабаққа қатысады.
"Төтенше жағдай енгізілген кезде студенттердің бәрін үйлеріне, ауылдарына қайтарды. Содан бері қашықтан оқып жатырмыз. Мен үшін онлайн оқу қиын, себебі менің ауылымда интернет дұрыс жұмыс істемейді. Мүлде ұстамайды деп айтса да болады. Сабаққа қосылу үшін ауылдан шығып, тауға барып оқуыма тура келеді. Үйдің ішінде отырып сабақ оқуға мүмкіндік жоқ", - дейді Құрмет.
Айтуынша, қазір бұл аймақта жаңбыр жауады, күн салқын, кей күндері қалың тұман түседі. Ондай күндері тауға шығу бір жағынан қауіпті, екінші жағынан сабаққа қатысуға ыңғайсыз.
"Кейде күн суық болады, жаңбыр жиі жауады. Сол себепті сабаққа қатыса алмай қаламын. Жаңбыр қатты жауған күні тауға шықсам да, интернет ұстамай жатады. Тапсырманы жүйеге жүктеу жағынан да қиындықтар бар. Үйдің ішінде отырып сабақ тақырыбына қатысты мәліметтерді табу мүмкін емес. Осы ауылда тұратын бірнеше студент осылай сабақ оқып жүр", - дейді ол.
Алайда оқу орнына алдын ала ауылында интернеттің нашар жұмыс істейтінін ескерткен Құрмет оқытушылардың түсіністікпен қарайтынын айтады.
"Тауға 300-400 метр жүріп шығамын. Сағат төртте сабақ басталып, арасында оқытушылар жарты сағат демалуға уақыт береді. Сол кезде үйіме жүгіріп барып кешкі асымды ішіп, алтыдағы сабаққа қатысу үшін қайтадан тауға шығамын, қас қарайғанша тауда сабақ оқып отырамын", - дейді ол.
Уақыт жағынан шектеу бар
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс магистранты Арғынбек Құнанбай қашықтан білім алудың ең тиімді тұсы – кез келген уақытта оқытушымен байланысқа шығу дейді.
"Ең бастысы, көп уақыт алмайды, алдын ала оқытушымен келісіп, кез келген уақытта сабаққа қосылуға мүмкіндік бар. Университет жүйесіне тапсырманы орындап, ертерек жіберуге де мүмкіндік берілген. Қазір Zoom бағдарламасын қолданып оқып жатырмыз. Одан бөлек Google Hangouts, Webex секілді бағдарламаларды қолдансақ уақыт жағынан шектеу болмайтын еді. Себебі Zoom бағдарламасында әр 30 минут сайын қайта қосылып отыру керек, ол біріншіден, студенттің ойын бөледі, екіншіден, техникалық жағынан уақыт алады", - дейді Арғынбек.
Сонымен қатар магистрант виртуалды әлемде көп уақыт өткізу адам денсаулығына зиян екенін айтып өтті.
"Телефонға үңіліп отыру, виртуалды әлемде көп уақыт өткізу адам денсаулығына зиян. Қазір біз телефон мен компьютер алдында ұзақ уақыт отырамыз. Сабаққа қатысып, сол айтқаныңды жазбаша нұсқада жүйеге жүктеу – екі жұмыс", - дейді ол.
Айтуынша, кейде онлайн сабаққа қатысып, тақырып бойынша ойын тарқатса да, жазбаша нұсқада сол сабақтың тапсырмасын қайтадан университет жүйесіне жүктеуі қажет.
"Үй жұмысын орындайды"
Алматыдағы Мүсілім Базарбаев атындағы №138 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бауыржан Каспихан қашықтан оқу дәстүрлі оқудың сапасына әсер ететінін айтады.
"Көзбе-көз түсіндірмегеннен кейін үлкен нәтиже күту қиын. Алайда қалыпты режимде оқу кезінде мектептердің барлығында kahoot, quizizz секілді интерактивті ойындар, бейнероликтер көрсету мүмкін болмаған еді. Ал қазір кейбір мұғалім сол ресурстарды сабақтарында пайдаланады. Оқушылар да смартфон, ноутбуктен интернетке кіруге мүмкіндік алғандықтан, осы ресурстарды пайдаланып, үйреніп жатыр", - дейді жас маман.
Сонымен қатар сабақтың қысқа әрі нақты өтетінін атап өтті.
"Мұғалімдер, әсіресе тәжірибесі мол ұстаздар ақпараттық-коммуникациялық құралдармен жұмыс істеуді үйреніп жатыр. Бұрын тапсырманы орындап келмейтін кейбір оқушылар ата-анасы қадағалағандықтан үй жұмысын орындайтын болды", - дейді Каспихан.
"Жалқау аналардың әңгімесі"
Аңсаған Мұстафа астанада №76 мектепте 1 және 7 сыныпта оқитын балаларының мектепке баруға асығып жүргенін айтты.
"Телеарнадағы сабақты бір-екі күн қарады, одан кейін апайлары берген тапсырманы алып оқып жүр. Арасында телефоннан "Еларна" арнасын қарап отырады. Кері байланысқа Күнделік.kz, Google Classroom секілді платформаларды қоланады. Балалар мектебін сағынды", - дейді Мұстафа.
Оқи отырыңыз: Бұл адамзат үшін бір белгі - Қазақ қызы Түркияда не болып жатқанын айтып берді
Сондай-ақ, желіде үкіметтен баласын оқытып жатқаны үшін ақша сұраған ата-аналар жайлы да сұрадық. Айтуынша, ата-аналар ұстаздың, мектептің қадірін түсіне бастады.
"Ол жалқау аналардың әңгімесі. Ондай адамдар барлық сыныпта бар. Өз баласын қоқыста тастап кетіп жатқандар бар, енді міне өз баласын оқытқысы келмейтіндер пайда болды. Салмақ кімге түспей жатыр? Бүкіл әлемде болып жатқан жағдай, салмақ вируспен күресіп жатқан дәрігерлерге түсті. Ата-аналар мектептің қадірін енді түсініп жатыр, оларға сабақ болды. Иә, балаға көмек қажет. Мұғалімдері Whatsapp арқылы бәрін ежіктеп түсіндіріп жатыр", - дейді ол.
Алматы облысы Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылының тұрғыны Әнел Қаржасова бастауыш сыныпта оқитын екі қызының "Балапан" телеарнасында көрсетілетін сабақтарды үзбей көретінін айтты.
"Балапан" арнасынан сабақты тыңдаймыз. Ол сабақты апайлары мессенджер арқылы қосымша түсіндіріп жібереді. Кері байланыс үшін аудио, видео форматында тапсырманы жібереміз. Әңгімелеу, сабақтан түйгенін қорытындылау секілді тапсырмаларды орындаймыз", - дейді Қаржасова.