ТАЛДЫҚОРҒАН, 15 сәуір - Sputnik. Талдықорған қаласының әкімі карантин кезінде көшеде жүрген адамдарды тексерді. Олар қала басшысынан сөз естіді. Тұрғындардың бірі әкімнің мұндай әрекетін құптаса, енді бірі қолдамай отыр.
Талдықорған әкімі Ғалымжан Әбдірайымов видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті. Ол қаланы аралап, карантин режимін бұзғандармен сөйлесті. Олардың арасында қолғап пен бетперде кимеген жолаушылар автобусының жүргізушілері де болды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жергілікті тұрғындар қала басшысының бұл әрекетіне таңғалды. Желіде түрлі пікір айтылды. Бірі мұндай тексеру керек десе, енді бірі әкім адамдармен дөрекі сөйлесті деп отыр.
"Бұл рейд азаматтарға карантин ережесін сақтаудың маңыздылығын түсіндіруге арналды. Әкім тапсырмасымен үш жұмыс тобы құрылды. Құрамына әкім орынбасарлары, қалалық полиция өкілдері және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары енді. Карантин бұзғандардың кейбіріне айыппұл санкциясы қолданылды", - деді Талдықорған әкімдігі баспасөз қызметі.
Жұмыс тобы облыс орталығындағы сауда және сервистік нысандарда, монша, сауна, нан-тоқаш өнімдері мен азық-түлік сататын дүкендерде болды.
Еске сала кетсек, 15 сәуірде Алматы облысында карантин енгізілді. Қазіргі уақытқа дейін өңірдің 24 тұрғынында коронавирус расталды. 5 адам жазылып шықты.