Қоғам

Министр 42 500 теңгені ала алмай жатқандардың қандай қателік жібергенін айтты

© Sputnik / Абзал КалиевМинистр труда и социальной защиты Казахстана Биржан Нурымбетов
Министр труда и социальной защиты Казахстана Биржан Нурымбетов - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Төлемақының кешіктірілуіне өтініштердің қайталануы, ЖСН мен банк шоттарының қате көрсетілуі себеп болған

НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қазақстандықтардан әлеуметтік жәрдемақының кешіктіріліп жатқаны үшін кешірім сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Әлеуметтік төлем неге кешігіп жатыр деп сұрайтындар көп. "Мен бір апта бұрын өтініш бердім", "төрт-бес күн өтіп кетті" дейтіндер бар. Бұл ретте мен сіздердің алдарыңызда тағы да министр ретінде кешірім сұраймын. Біз осы күндері үлгермедік", - деді Нұрымбетов онлайн брифингте.

Министр бірнеше себепті атап өтті.

"Біріншіден, біз төлемді ертерек төлеу үшін өзімізге үш күн белгіледік. Алайда одан да көбірек уақыт қажет еді. Сол себепті үлгере алмай жатырмыз", - деді ол.

Айтуынша, 42 500 теңге бюджеттен емес, мемлекеттік сақтандыру қорынан төленеді. Сол қор ақша береді, сол қор тағайындайды. Ол бөлек мекеме.

Банктерге ақша "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясы арқылы  жіберіледі. Ал банктер азаматтардың есепшотына аударады.

Оқи отырыңыз: Бір отбасынан үш-төрт адам өтініш берсе, 42 500 теңге бәріне төлене ме 

"Өтінішті біздің министрлік қабылдайды, тексереді. Осы үш мекеме айналысып жатыр. Басқаша болмайды. Сіздерге айтарым, осы үш мекеменің азаматтары күні-түні жұмыс істеп жатыр", - деп түсіндірді Нұрымбетов.

42 500 теңгенің кешіктірілуіне өтініштердің қайталануы, ЖСН мен банк шоттарының қате көрсетілуі себеп болған.

"3 миллион 700 мың адам жәрдемақы алуға өтініш берді. Бірақ өтініштердің жалпы саны 5 миллионға жақындап қалды. Тексеріс барысында біраз азамат жеке сәйкестендіру нөмірін, яғни ИИН-ді дұрыс көрсетпеген. Ол нөмірді дұрыс көрсетпесе, "ондай адам жоқ" деген сөз. Сондықтан біз мұндай қате нөмір бергендердің өтінішін кері қайтаруға мәжбүрміз. Оны тексеріп алуымыз керек. Мұндай өтінішті 60 мыңдай адам берді", - дейді ведомство басшысы.

83 мың азамат банк есепшотын қате көрсеткен немесе жабылып қалған банктің шотын жазып жіберген.

Ал бір миллионнан астам адам соңғы он екі айда бірде-бір аударым жасамаған.

Жаңалықтар
0