НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. 14 сәуірде кей облыстарда қар және жаңбыр жауады, елдің солтүстігінде Есіл өзені арнасынан тасуы мүмкін, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Дабылды ескерту
14 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысында және Петропавл қаласында түнде жауын-шашын (жаңбыр, қар), күндіз жаңбыр күтіледі. Кей жерлерде тұман түсуі мүмкін, найзағай жарқылдайды. Оңтүстік-батыстан жылдамдығы 15-20 м/с жел соғады.
Қостанай облысының кей жерлерін тұман басады, жел тұрады. Қостанай қаласында оңтүстік-батыстан екпіні 15-20 м/с жел күшейеді.
Ақтөбе облысының солтүстігінде түнде қар және жаңбыр жауады. Оңтүстік-батыстан, батыстан жел (15-20 м/с) соғады.
Ақтобе қаласында да түнде жауын-шашын (қар, жаңбыр), оңтүстік-батыстан, батыстан соғатын желдің екпіні 18 м/с дейін барады.
Тағы оқыңыз: "Бұдан Құдай сақтасын": Қызылорда облысының жаңа әкімі Маминнен көмек сұрады
Түркістан облысының кей жерлерінде қатты жаңбыр жауады, тауда жабысқақ қарға айналады. Кей жерлерде тұман, солтүстік-батыстан соғатын желдің күші 15-20 м/с болады деп болжануда.
Бұдан бөлек, гидрологиялық болжам бойынша Петропавл қаласында Есіл өзені арнасынан тасуы мүмкін. 13 сәуір таңғы 08:00-дегі жағдай бойынша су деңгейі қауіпті шекке жақындап қалды – 827 см.
Ал қауіпті шек: 940 см.
Қар көшкіні
"13-16 сәуір аралығында жылымықтың әсерінен, қар жамылғысының тұрақсыз болуына және жауын-шашын күтілуіне байланысты Кіші және Үлкен Алматы өзендері су алабында қар көшкіні қаупі сақталады", - делінген хабарламада.
Осыған байланысты синоптиктер тауда абай болуға кеңес берді.
Алдағы үш күнде ауа райы қандай болады
Қазгидромет 14-16 сәуір аралығындағы ауа райына болжам жасады.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда дауылды жел 160 ғимараттың шатырын ұшырып әкетті
"Қазақстан аумағына біртіндеп Қара теңіз жақтан антициклон ығысады. Осыған байланысты ауа райы, негізінен, жауын-шашынсыз болады деп күтіледі. Түнде ауа температурасы кейбір облыстарда нөлден төмен түссе, күндіз +15…+26°С дейін көтерілуі мүмкін", - дейді синоптиктер.
Республиканың кей жерлерінде тұман түсіп, жел күшейеді.