НҰР-СҰЛТАН, 10 сәуір – Sputnik. Дағдарыстың бір жақсы тұсы барлық кемшіліктің бетін ашады. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік комиссияның отырысында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Азаматтар карантиндік режимге ауысып, мектептер мен университеттерде қашықтан оқыту енгізілгеннен кейін интернет жүйесі жүктемені көтере алмады. Жүйелі кемшіліктер анықталды. Білім министрлігі теледидар арқылы сабақ өткізуге мәжбүр болды, асыра жарнамаланған E-Learning жүйесі үмітті ақтамады. E-gov-та да ақаулар байқалды", - деді Тоқаев.
Президент вирустан кейінгі кезеңде билік қазіргі жағдайдан сабақ алып, талдау жүргізуі керек екенін айтты.
Бірақ бастысы, шын мәнісінде цифрлық мемлекетке айналу үшін IT саланы жаңа сапалы деңгейге шығару жоспарын әзірлеу қажет, деп жалғастырды ол.
Оқи отырыңыз: Дариға Назарбаева реформаның салдары неге әкеп соққанын айтты
"Келесі жыл мемлекетімізді тиімді цифрландыру ұранымен өтуі тиіс. Жаңа тәжірибені ескере отырып, "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын қайта қарау қажет. Әрине, қосымша қаржы шығындамастан. Алдымызда денсаулық сақтау, білім және ғылым салаларын түбегейлі реформалау міндеті тұр. Дағдарыстың жақсы тұсы, бұған дейін айтқанымдай, барлық кемшіліктің бетін ашады, үлкен мүмкіндіктер береді. Біз мұны пайдалануымыз керек", - деді Тоқаев.
Президент реформаларды әзірлеу жұмысын қазірден бастау керектігін айтты.