ҚЫЗЫЛОРДА, 10 сәуір — Sputnik. Қызылорда облысында тағы 12 адамның коронавирус жұқтырғаны хабарланды, барлығы 104 адамға жетті. Осыған байланысты өңірдің бас санитар дәрігері карантин режимін күшейтті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тұрғындарды дүрбелеңге бой алдырмауға шақырды.
Облыста карантин 22 сәуірге дейін ұзартылды.
Өңір тұрғындарына көшеге бетпердесіз шығуға тыйым салынды. 13-ке толмаған балалар мен 65-тен асқан адамдарға үйден шығуға болмайды. Елдімекендерде тек жұмысқа, дүкенге және қоқыс шығару үшін далаға шығу рұқсат етіледі. Жұмыс беруші қызметкерлерді тиісті анықтамамен қамтамасыз етуі керек.
"Өңірде коронавирус жұқтырғандар санының артуына байланысты кейбір тұрғындар қалыптасқан жағдайды түсінбей жатыр. Енді бірі қорқып отыр. Дүрбелеңге бой алдыруға болмайды. Біз коронавирус жұқтырғандарды анықтау жұмысын белсенді түрде жүргізіп жатырмыз", - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдусәметов.