НҰР-СҰЛТАН, 10 сәуір - Sputnik. Павлодарда 84 жастағы қария коронавирустан қайтыс болды.
Ол 8 сәуір күні "орташа дәрежедегі полисегментарлық пневмония, өкпенің созылмалы обструктивтік ауруы" диагнозымен ауруханаға түскен. Ер адам соңғы жылдары демікпе, гипертония және жүрек сырқаты сынды созылмалы ауруларына байланысты есепте тұрған.
"Ер адамның коронавирусқа тапсырған сынамасы вирус жұқтырғанын растады. Науқастың жағдайын созылмалы аурулары ушықтыра түсті", - деп хабарлайлы коронавирус туралы ақпарат тарататын ресми сайт.
Сондай-ақ, Павлодарда тағы бір адамның коронавирус жұқтырғаны хабарланды. 1981 жылы туған ер адам 8 сәуір күні жұқпалы аурулар госпиталіне жеткізілді. Науқастың жағдайы қанағаттанарлық деп хабарланып отыр.
Онымен байланыста болған адамдар стационарлық карантинге алынды.
Қазіргі уақытқа дейін Қазақстанда 781 адамда коронавирус расталды. 60 адам жазылып шықты.