АЛМАТЫ, 9 cәуір – Sputnik. Алматы облысының Көксу ауданына қарасты Мұқыр ауылындағы орта мектепте қазақ тілі пәнінен сабақ беретін мұғалім туған отанын кедей мемлекет деп айтқаны үшін халықтан кешірім сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Кеше мұғалімнің жанайқайы жазылған видео желіде жылдам тарап кеткен болатын. Ұстаз өзінің жалдамалы пәтерде тұратынын, қашықтан оқуға көшуге байланыста туысының үйіне барып интернетке қосылып жүргенін айтқан.
"Мен дайын үйде, дайын wi-fi-да жұмыс істеп отырған мұғалім емеспін. Менің басымда баспанам жоқ, пәтерде тұратын, сол пәтерінде wi-fi жоқ қайыршы, кедей мемлекеттің кедей мұғалімімін. Сол үшін өкпелімін. Жағдайың болмаса, сенің білімің ешкімге қажет емес. Мұндай мұғалім алдындағы баланы қалай тәрбиелейді? Ұрпаққа ұлттық рух, патриоттық сезім дегенді қалай ұғындырады?", - деп жылаған болатын ол.
Видеода мұғалімнің түнде ноутбугын көтеріп бара жатқаны анық байқалады. Ол сол ауылда тұратын сіңлісінің үйіне барып жұмыс істеген.
Осы видеодан кейін жергілікті билік өкілдері мұғалімге хабарласып, болашақта пәтер мәселесін шешіп беруге уәде етіпті.
"Мен Байболатова Майра Берікқызы кеше интернет желісіне салған бейнежазбам туралы ақпарат бергім келеді. Мені толғандырып жүрген мәселелер бойынша жергілікті атқарушы билік органдары, атап өтер болсам, Көксу ауданының әкімі Алмас Қабдолұлы және әкімдіктің қызметкерлері интернет желісіне қосылу мәселесін, болашақта баспана мәселесін шешіп беруге уәде берді", - дейді Байболатова екінші видеода.
Сонымен қатар ұстаз туған жерін кедей мемлекет деп атағаны үшін кешірім сұрады.
"Мен халық үніне құлақ асатын мемлекетке сенемін. Қазір бейнежазбамда айтылғандай, туған жерімді кедей мемлекет деп айтқаным үшін жалпы жұртшылықтан кешірім сұраймын", - деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты 6 сәуірден бастап оқушылар қашықтан білім алуға көшті.