НҰР-СҰЛТАН, 9 сәуір – Sputnik. Президент төтенше жағдайда қаржылай қиындыққа тап болған азаматтарды кредит төлеуден үш айға босатуды тапсырды. Бүгінде банктер осы бастаманы қолдап, өтініш қабылдай бастады. Алайда үш айдан кейін төлемнің мөлшері артады. Себебі кредиттің сыйақысы есептеледі. Sputnik Қазақстан тілшісі артық төлемнің қалай есептелетінін біліп, кредитті шегеру тәртібін зерделеп шықты.
Кредитті шегеру – заң талабы
Қазақстанда төтенше жағдай жарияланған күннен бастап азаматтық кодекстің 359-бабы күшіне енеді. Оған сәйкес, жеке және заңды тұлғалар төтенше жағдайға байланысты кредит төлеуді кешіктірсе, айыппұл мен өсімпұл есептелмеуі шарт. Бұдан бөлек, оларға қарызды кейін төлеуге мүмкіндік берілуі тиіс. Осы норма банктерге ғана емес, барлық микроқаржы ұйымына, соның ішінде ломбардтар, несие серіктестіктері мен қарыз беретін кредиторларға да қатысты.
Төтенше жағдай мерзімі 15 сәуірге дейін белгіленсе де, коронавирус қаупі сейілетін емес. Оған қоса, республика бойынша карантин шаралары күшейіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайда қаржылай қиындыққа тап болған азаматтардың кредитін кейінге шегеруді тапсырды. Ал Қазақстанның қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тиісті бұйрық шығарып, төтенше жағдайдан зардап шеккен халықтың, шағын және орта бизнестің қарызы бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомасын төлеуді тоқтата тұру тәртібін бекітті.
Өтініштен басқа құжат қажет емес
Агенттіктің бұйрығына сәйкес, жаңа талапты ақшаны қарызға беретін барлық кредиттік ұйымдар орындауы шарт. Олар:
- банктер;
- ломбардтар;
- онлайн-кредиттеу компаниялары;
- кредиттік серіктестіктер;
- микроқаржы ұйымдары.
Тәртіп бойынша төтенше жағдайға дейін, яғни 16 наурызға дейін берілген кредиттер ғана үш айға шегеріледі. Ол үшін қарыз алушының өтініші ғана қажет. Өтінішті электронды поштамен, я болмаса, мобильді қосымша арқылы жіберуге болады. Басқа құжат талап етуге тыйым салынған. Қосымша келісімшарттарға да қол қойылмайды.
Ал кредиттік ұйым қарыз алушының өтінішін қарап, он жұмыс күні ішінде төлемдерді уақытша тоқтату туралы шешім шығарады және кредит алған адамға хабарлайды.
Кредит шегерілмеуі мүмкін
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кредиттің негізгі борышы мен сыйақысы тоқтатылатын жеке тұлғалар санатын да анықтады. Олар:
- Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;
- Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар;
- 1 және 2 топтағы мүгедектер; мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылары;
- Қазақстан үкіметі бекітетін аурулар тізіміне кіретін кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар;
- жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;
- кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- оралмандар;
- экологиялық зілзалалар, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар;
- "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар;
- көпбалалы отбасылар;
- мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
- толық емес отбасылар;
- атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
- жұмыссыздар.
Бұйрықта кредитті шегерудің негізгі себептері де белгіленген. Соның ішінде карантиннің енгізілуіне байланысты жұмыстан уақытша айырылу, ақысыз демалысқа шығу, жұмыстан шығып кету, кірістің азаюы және тағы басқа жағдайлар бар. Қарыз алушының қаржылық жағдайының нашарлағанын растайтын құжат ұсыну талап етілмейді. Алайда кредиттік ұйым жеке тұлғаның қаржылық жағдайының нашарламағанын білсе, қарызды шегеруден бас тарта алады.
Бизнеске қойылатын шарттар
Шағын және орта бизнестің кредитін шегеру үшін өтініштен бөлек қаржылық жағдайдың нашарланғанын растайтын құжаттар болуы қажет. Соның негізінде қарыздың төлемдерін тоқтата тұру туралы шешім қабылданады. Осы орайда экономиканың нақты салалары қарастырылған. Олар:
- сауда секторы (азық-түлік пен дәріханалар кірмейді);
- ойын-сауық-сауда орталықтары;
- халық тұтынатын тауарлардың дүкендері;
- туроператорлар;
- турагенттер;
- спорт, туризм және қонақ үй бизнесі;
- жолаушылар және жүк тасымалдау секторы;
- мейрамханалар мен дәмханалар;
- қоғамдық тамақтану секторы;
- тұрмыстық қызмет көрсету;
- театрлар мен кинотеатрлар;
- Фото және бейне түсіруді, көрмелерді және конференцияларды қоса алғанда, бос уақытты және демалысты ұйымдастыру, мерекелерді ұйымдастыру саласы;
- сән салондары және фитнес орталықтары.
Кредит мерзімі ұзарады
Бүгінде банктердің барлығы дерлік кредитті үш айға шегеруге келісті. Алайда онымен бірге барлық процент пен сыйақы да шегеріліп отыр. Осылайша, кредиттің мерзімі ұзарады, ал үш айдың төлемін кейін өтеуге тура келеді.
"Банктер кредитті қалай шегереді? Олар қарызды пролонгация, яғни кредитті ұзарту арқылы үш айға шегеріп жатыр. Артық төлем де жазылады. Сонда сіздің төлемдеріңіз төмен қарай түсіп отыр. Ал артық төлем болмауы тиіс", - дейді тәуелсіз сарапшы Нұржан Биякаев.
Негізі, кредит үш айға шегерілгенде қарыздың сомасы өзгермейді. Проценттер де қалады. Бірақ кредиттің мерзімі ұзарады. Содан артық төлем шығады. Себебі кредиттің мерзіміне банктің сыйақысы жүреді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахмановтың айтуынша, қазіргі кезде қаржы ұйымдарымен, ең алдымен, банктермен нақты механизм пысықталып жатыр.
"Негізгі мақсат, біріншіден, тоқтатылған төлемдер уақыт өте келе келісімшартта көрсетілген төлемдерден аспауы қажет. Сонда адамдар артық ақша төлемейді. Қазір осыны талқылап жатырмыз. Нәтижесін қосымша хабарлаймыз", - деп атап көрсетті Әбдірахманов. Әзірше, нақты шешім жоқ.
Тоқаевтың ұстанымы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай кезінде банктердің кредитке процент есептейтінін біледі. Өзінің соңғы үндеуінде президент кәсіпкерлердің бұл проценттерді де алып тастауды сұрағанын айтқан болатын. Осы орайда Тоқаев банктер процент алмаса, шығынға ұшырайтынын жеткізді. Ал банктер - экономиканың ажырамас бөлігі. Дегенмен, мемлекет басшысы процент жағынан да жеңілдік жасауға болады деп санайды.
Ол банктер үшін қиын сәттер болғанда мемлекет оларға айтарлықтай көмек көрсеткенін еске салды. Қазіргі кезде халыққа және отандық бизнеске банктердің қолдаулы қажет екенін жеткізді. Президенттің сөзіне қарағанда, қажет болса, қосымша директивті шаралар қабылданады. Ол дегеніміз, тиісті талапты орындауға міндеттеуі мүмкін.