НҰР-СҰЛТАН, 9 сәуір – Sputnik. Ішкі істер министрлігі коронавирус жұқтырған қызметкерлер туралы ақпарат таратты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің орынбасары Юрий Ильиннің айтуынша, осы уақытқа дейін коронавирусқа қарсы шараларға қатысып жүрген ішкі істер қызметкерлерінің арасында коронавирус жұқтырудың бір оқиғасы тіркелген.
"Бүгінде бір қызметкердің коронавирус жұқтырғаны расталып отыр. Ол ем-дом алып жатыр, жағдайы тұрақты. Сондай-ақ, 530 адам індет жұқтырғандармен жақын қарым-қатынаста болған. Олар жаңағы қызметкермен ғана емес, кәсіби міндетін орындағанда басқа да науқастармен араласты", – деді Ильин бүгінгі онлайн брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде 530 адамның ішінен 30 қызметкер стационарға жатқызылды. Ал 80 маман үй карантинінде отыр.
Оқи отырыңыз: Министр көшеде полицей тоқтатса, не істеу керектігін айтты
"Қалғандары өз қызметін жалғастырып жатыр. Бізде коронавирустан адам шығыны болған жоқ", – деп атап көрсетті Ильин.