НҰР-СҰЛТАН, 9 сәуір – Sputnik. Былтыр ішкі істер министрлігі қазақстандықтардың үйінде жұмыс істеуге 414 мың адамға рұқсат берген. Оның 394 мыңы Өзбекстан азаматтары. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін сенаттың жалпы отырысында "Қазақстандық еңбекші көшіп-қонушылардың Өзбекстанда және өзбекстандық еңбекші көшіп-қонушылардың Қазақстандағы еңбек қызметі және құқықтарын қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы қаралды.
Құжаттың негізгі мақсаты Өзбекстан тарапынан өзбек жұмысшыларының жағдайын заңнамалық тұрғыдан реттеу.
"2019 жылы Қазақстанда 394 мың өзбек азаматына рұқсат берілген екен. Оның 82 проценті құрылыста, 9 проценті үй жұмысында, 6 проценті бау-бақша жұмысында істеген. Осының өзінен-ақ біздің еліміздің негізгі қара жұмыс күші өзбек азаматтары екені көрініп отыр", – деді депутат Сәрсенбай Еңсегенов.
Ол келісімшарттың негізгі талабы іске асу үшін еңбек шарты жасалуы керек екенін атап өтті. Ал іс жүзінде еңбек шарты орындалмайтыны белгілі.
"Әсіресе құрылыс саласында жүрген азаматтармен еңбек шарты жасалмайды. Мұны сіздер қалай бақылайсыздар? Себебі келісімде қаралған еңбек заңдылығының сақталуы тікелей осы еңбек шартына байланысты", – деп сұрады ол еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінен.
Сонымен қатар, сенатор екі ел арасында көшіп-қонып жұмыс істеп жүргендер зейнетақымен қалай қамтылатынын сұрады.
"Сіздің келтірген цифрларыңызды растаймын. Олар (Өзбекстан азаматтары – Sputnik) қазақстандықтардың үйінде жұмыс істеу үшін ішкі стер министрлігінен рұқсаттама алады. Сол кезде салықты төлеумен қоса, дактилоскопия, басқа да шаралар қолданылады. Тағы бір шарты тартылған шетелдіктерге тапсырыс берген азамат еңбек шартын да ұсынуы тиіс. Сондықтан осы еңбек шартының болуы рұқсаттаманы берген кезде қадағаланады", – деді министр Біржан Нұрымбетов.
Оқи отырыңыз: Елімізде Өзбекстанның екі мың азаматы көші-қон заңнамасын бұзған
Ол зейнетақымен қамсыздандыру бойынша ұлттық заңнамаға басымдық берілетінін атап өтті.
"Ұлттық заңнама бойынша зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру тек Қазақстан азаматтары немесе Қазақстанда тұрақты тұратын, яғни ықтиярхаты бар шетелдіктерге қолданылады. Бұл келісімде айтылған азаматтар – уақытша жұмыс істеп жүргендер. Сондықтан зейнетақымен әлеуметтік қамсыздандыру шаралары уақытша жұмыс істеп жүрген еңбекшілерге қолданылмайды", – деді министр.
Сенат депутаттары заң жобасын бірауыздан қабылдады.