АЛМАТЫ, 9 cәуір – Sputnik. Жамбыл облысында коронавирус расталған инфекционист дәрігердің арызынан кейін Меркі ауруханасының басшылығына сөгіс жарияланды.
COVID-19 жұқтырған дәрігер Толқын Ордабаева емдеу жағдайына наразы екенін айтқан. Ол басшылық медицина қызметкерлерін бетперде тігуге мәжбүрлейді және қорғаныс құралдарын ұсынбайды деп арызданған.
Оның сөзін Nur Otan партиясының бақылау комиссиясы жүргізген тексеріс растады.
"Меркі аудандық орталық ауруханасының әкімшілігі медицина қызметкерлерін өздеріне бетперде тігуге мәжбүр еткен. Сондай-ақ, жұмыста бетперде мен қорғаныс құралдары берілмеген. Аудандық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы және денсаулық сақтау саласына жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары партиялық жауапкершілікке тартылды", - деді Nur Otan партиясының баспасөз қызметінде.
Аудан және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығына өз міндетін тиісті деңгейде орындап, заңбұзушылыққа жол берілмеу керек екені ескертілді.
"Біз дәрігерді өз қамқорлығымызға аламыз. Оларды ренжітуге жол бермейміз", - деді партияда.
Айта кету керек, Толқын Ордабаева осыдан кейін өз кабинетінен 400 медициналық бетперде табылғаны туралы жазды. Айтуынша, оған қарсы арандату басталған.
Меркі орталық ауруханасының инфекционисі мұның алдында Facebook парақшасында наразылық танытып жазба жариялады. Ол вирусты карантинде жатқан науқастармен қарым-қатынас кезінде жұқтырғанын айтты. Ауруханада бетперде тігуге, артық жұмыс істеуге мәжбүрлегенін, байланыста болғандарды ауруханадан коронавирусқа сынама жасатпай шығарып отырғанын жазды.
Сонымен қатар медициналық бетперде мен вирусқа қарсы дәріге бөлінген ақшаның қайда жұмсалып жатқанын сұрады.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жағдайды жеке бақылауына алып, тергеу бастауды тапсырды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасында аталған іс бойынша тергеу шаралары басталғанын хабарлады. Ол жерде барлық медицина қызметкерінің жеке қорғану құралымен қамтамасыз етілгенін де айтты.