АЛМАТЫ, 9 cәуір – Sputnik. Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Айзат Молдағасымова күшейтілген карантин 13 сәуірден соң аяқтала ма деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бізде елімізде республикалық штаб бар, қалалық штаб жұмыс істеп тұр. Карантиннің ұзартылуы, тоқтатылуын сол штаб шешеді", - деп қысқа қайырды Молдағасымова.
Сондай-ақ, ол қаңтардан бастап респираторлық аурудан және пневмониядан қайтыс болған адамдармен байланыста болғандарды тексеру бойынша жұмыс басталғанын айтты.
"Расында да, қайтыс болғандар жайлы анализ жүргізу басталды. Емханалық қызмет олармен бірге тұрған адамдар мен туыстарын тексеру жұмысын жүргізеді. Олар да коронавирусқа тексеруден өтуі мүмкін. Қайтыс болған кісілерге эксгумация жасалмайды. Көріп тұрғанымыздай, қаладағы науқастардың басым бөлігі шетелден келген, алайда біз жергілікті тұрғындар арасында да тексеру жұмыстарын жалғастыра береміз",- деді ол.
Қазір қалада стационарлық карантинде 877 науқас, үй карантинінде 5 217 адам жатыр. Инфекциялық ауруханада 211 адам, провизорда 301 адам, карантиндік ауруханада 388 адам бар.