НҰР-СҰЛТАН, 7 сәуір – Sputnik. Ресейлік Genetico репродуктивті медицина және генетика орталығы адамның коронавирусқа қарсы иммунитетінің бар-жоғын анықтайтын тест әзірлеп жатыр, деп хабарлайды РИА Новости.
Бұл орталық тестті әзірлеу мен оны қолданысқа енгізу бойынша В.А.Энгельгард атындағы молекулярлық биология институтымен ынтымақтастық орнатқан.
"Бұл тест вирустың өзін емес, антиденелер мен оған қарсы иммунитетті анықтайды. Мұның көмегімен дерттен айыққан науқастарды, оның ішінде ауру белгілері болмаған адамдарды да айқындауға болады. Оған қоса, вирусты жұқтырмаған және оған иммунитеті жоқ адамдарды да анықтауға көмектеседі", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар бұл тест гематология орталығының қызметкерлеріне зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Ал ол сәтті болған жағдайда індеттен айыққан адамдардың ішінен донор табуға болады.
Алдағы күндері Genetico орталығы алғашқы тест-жүйесін тіркеу үшін құжаттарды дайындап, тапсыруды жоспарлап отыр. Ал тест-жүйелері шамамен 6 аптадан кейін нарыққа шығарылады.
Оқи отырыңыз: Үйдегі ауаның ылғалдылығы вирустың таралуына қалай әсер ететіні анықталды