НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір – Sputnik. Алматы қалалық қорғаныс істері департаменті арнаулы жиындарға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Департамент басшысы Амантай Өсербаевтың айтуынша, арнаулы жиындарға запастағы офицерлер де шақырылады.
"Заң талаптарына сәйкес, запастағы офицерлер 60 жасқа дейін, ал солдат-сержант құрамындағы әскери міндеттілер 50 жасқа дейін арнаулы жиынға шақырылады. Олардың жұмыс орны мен лауазымы сақталады. Жұмыс істейтіндерге орташа жалақы төленеді. Ал жұмыс істемеген болса, оларға ең төменгі жалақы төленеді", - деді Өсербаев бүгінгі онлайн брифингте.
Оның айтуынша, бүгінде арнаулы жиындарға өз еркімен келетін азаматтар аз емес. Олардың ішінде офицерлер де, солдат-сержанттар да бар. Негізгі талап – денсаулығының мықты болуы.
Тоқаев әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы жарлыққа қол қойды
"Бүгінде Алматы бойынша 200-ге тарта адамды арнаулы жиындарға шақырайын деп отырмыз. Мерзімі бір ай деп белгіленген. Қазіргі кезде қала әкімінің өкімі дайындалып жатыр. Сол құжат шыққанда нақты саны және уақыты белгілі болады", - деп түйіндеді Өсербаев.