НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір – Sputnik. Қазақстанда 120 медицина қызметкері індетке шалдықты. Бұл туралы елдің бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Медициналық қызметкерлердің арасында 120 адам коронавирус жұқтырды. Олардың ішінде 67 адам – науқастар мен коронавирусқа күдікті адамдармен жұмыс істегендер", деді Есмағамбетова онлайн брифингте.
Олардың біреуі ауыр хәлде жатыр. Тоғызының жағдайы орташа. Қалған 57 медицина қызметкерінде ауру жеңіл формада өтіп жатыр.
Видеоға түсірді: коронавирус жұқтырған медбике қалай қиналып жатқанын көрсетті
Медицина қызметкерлері вирус жұқтырған жағдайда екі миллион теңге сақтандыру төлемі беріледі. Егер қайтыс болған жағдайда 10 миллион теңге өтемақы төленеді.
"Қазіргі таңда оларға төлем төленген жоқ. Вирус жұқтырған медициналық қызметкерлерге төлем төлеу тәртібін қарастыратын нормативті құқықтық актінің жобасы әзірленді", - деді ол.