НҰР-СҰЛТАН, 1 сәуір – Sputnik. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қазақстандықтарды барлығына дайын болуға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазір карантинді ұзарту туралы айту ерте. Эпидемиологиялық жағдайдың қалай болатынын ешкім екі апта бұрын нақты айта алмайды. Бірақ біз барлығына дайын болуымыз керек. Сондықтан жағдай күрделеніп кетсе де, кеше айтылған барлық шаралар тыныштық пен тұрақтылықты сақтау кепілі", - деді Абаев онлайн брифингте.
Министр бұл үшін қажетті шаралар жасалғанын атап өтті. Мемлекет басшысы тапсырмасы бойынша нақты жұмыс жоспары мен ұлттық қорда жиналған қаражат бар екенін жеткізді.
Қазақстандағы төтенше жағдай
Мемлекет басшысының жарлығымен 16 наурыз - 15 сәуір аралығында елде коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді.
19 наурыздан бастап Алматы және астанада карантин жарияланды. 28 наурызда карантин күшейтілді.
30 наурыз - 5 сәуір аралығында елорда тұрғындары мен алматылықтар тек азық-түлік дүкеніне, дәріханаға және жұмысқа ғана бара алады.
Қазіргі уақытта елде 372 адам коронавирус жұқтырды. Үш адам қайтыс болды.