АЛМАТЫ, 1 сәуір – Sputnik. Алматыда қашықтан білім алуға жағдай жасау үшін көпбалалы отбасылар техникалық құрылғылармен қамтамасыз етіледі. Бұл жайында брифингте Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан тілшісі.
"6 сәуірден бастап Алматының барлық мектебі қашықтан білімалуға көшеді. Бұл кезеңде мектеп мұғалімдері үйлерінде отырып жұмыстарын жалғастырады. Қала әкімдігінің тапсырмасымен педагогтар үшін қашықтан оқытуды ұйымдастыруүшін тегін курстар жүргізіледі", - деді Жылқыбаева.
Сонымен қатар қаладағы 276 мыңға жуық оқушы,17 мыңға жуық ұстаз және ата-аналарға техникалық және әдістемелік көмек көрсету мақсатында әр мектепте, әр аудандық білім бөлімінде, білім басқармасында, Алматы қаласының әкімдігінде анықтама телефондары жұмыс істейді.
Алматыда қашықтан оқыту екі бағдарлама бойынша іске асырылады.
"Біріншісі, интернет желісінде онлайн түрде өткізу. Бұл бағытта ең алдымен тиісті жабдықтар қажет. Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен оқушылар мен мұғалімдерге мектептердегі 10 мыңнан аса ноутбук пен компьютер уақытша қолданылуға берілді", - деп түсіндірді ол.
Ал қалған үш мыңнан астам оқушыға мемлекеттік бюджет есебінен техника сатып алынып, олар да компьютермен қамтамасыз етіледі.
Тағы оқыңыз: Білім министрі мектебін сағынып жүрген Нұрисламға жауап берді
Сондай-ақ, Алматы қаласы әкімдігінің шешімімен бір ғана компьютері бар көпбалалы отбасы қосымша техникамен қамтамасыз етіледі.
"Бұл жағдай отбасыда 4 және одан көп баласы мектепте оқитындарға қатысты", - деді Жылқыбаева.
Сонымен қатар қалада 4000 отбасы тегін интернетпен қамтамасыз етіледі.
Екінші қосымша бағыт - теледидар сабақтары. Төртінші тоқсанның басынан бастап 1-11 сынып оқушылары үшін аптасына бес рет "Балапан" және "Еларна" телеарналарында сабақтар көрсетіледі.
"Алматы" телеарнасында 9-11 сынып оқушылары үшін жаратылыстану математикалық бағыттағы сабақтар 11.00-13.00 арасында көрсетіледі.