НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз – Sputnik. Түркістан облысында төтенше жағдайға қарамастан құдалық өткізіп, қыз ұзатқан, туған күн тойлаған азаматтар 5 тәулікке қамалды. Бұл туралы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаметі басшысының орынбасары Бақтыораз Елемесов мәлімдеді, деп хабарлады өңір басшысының баспасөз қызметі.
Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді сақтамағаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 476 "Төтенше жағдай режимін бұзу" бабы бойынша 115 нысанға құқықбұзушылық туралы хаттама рәсімделіп, сотқа жолданды.
"Сот шешімімен 28 тұлғаға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынып, 16 тұлға қамауға алынды", - деп атап өтті Бақтыораз Елемесов.
Сонымен қатар, ол қоғамдық орындарда мейлінше бетперде пайдалану қажет екенін айтты. Есік тұтқаларын дәке маталармен ораудың қажеті жоқ, ол санитарлық талаптарға сай емес.
Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында қызын ұзатқан әкеге айыппұл салынды
Айта кетейік, бұған дейін төтенше жағдай кезінде той өткізген қызылордалыққа 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған болатын.