НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы өнім өндірушілері үшін дизель отынын жеңілдікпен беруді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президенттің айтуынша, қазіргі жағдайда көктемгі егістік жұмыстарын уақытында атқарып шыққан жөн.
"Бюджеттен 70 миллиард теңге бөлініп, аграрлық кредиттік корпорация арқылы шаруаларға жеткізіледі. Қарыз алатындар үшін мөлшерлеме 5 проценттен аспайды. Осы мақсатта "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Бұл бағдарламаның соңғы мөлшерлемесі 6 процентті құрайды", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, алдымен шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау жасау қажет. Бұдан бөлек, дизель отыны бағасын арзандатуды тапсырды.
"Ауыл шаруашылығы өнім өндірушілері үшін дизель отыны бағасын 165 теңгеге дейін, яғни 15 процентке арзандатуды тапсырамын. Осы мақсатта шамамен 390 мың тонна дизель отыны жеңілдік бағамен бөлінеді. Осы орайда айта кетер жайт, арзан жанар-жағармай фермерлерге жетуі керек. Сондықтан оны жеткізетін операторлардың жұмысы ашық болуы шарт. Үкімет мен бас прокуратура жергілікті жерде бақылау шараларын жүргізуі тиіс ", - деп атап көрсетті Тоқаев.
Ол осы айтылған шаралар қазіргідей күрделі кезеңде азаматтар мен отандық бизнесті қолдау үшін керек екенін айтты. Мұның бәрі коронавирус індетін тезірек жоюға әсер етеді деген сенім білдірді.
Қазақстандағы төтенше жағдай
Мемлекет басшысының жарлығымен 16 наурыз - 15 сәуір аралығында елде коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді.
19 наурыздан бастап Алматы және астанада карантин жарияланды. 28 наурызда карантин күшейтілді.
30 наурыз - 5 сәуір аралығында елорда тұрғындары мен алматылықтар тек азық-түлік дүкеніне, дәріханаға және жұмысқа ғана бара алады.