Өңірлер

Алматыда жол бойында "кәуап пісіргендерді" видеоға түсірген жігіт қамауға алынды

© Sputnik / Анатолий УстиненкоТой казан 2017
Той  казан 2017 - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Полиция қызметкерлері тексеріс жүргізген кезде видеоның қойылым екенін, автордың ол жағдайға қатысы бар екенін анықтады

АЛМАТЫ, 31 наурыз – Sputnik. Алматы полициясы бір топ ер адамның тасжол бойында от жағып, "кәуап пісіргенін" видеоға түсірген 22 жастағы жігітті 15 тәулікке қамауға алды. Анықталғандай, алматылық қойылым видео түсірген, ал көмектескендер оның достары болып шықты.

Polisia.kz порталы хабарлағандай, полиция видеоны интернетке шолу жасаған кезде байқаған.

Видеоның шығыс айналма жолында түсірілгені белгілі болды. Одан бір топ ер адамның тасжол бойында от жаққаны анық көрінеді. Ал ролик авторы олардың кәуап пісіріп жатқанын айтады. Алайда видеоны түсірген адамның полицияға шағым жасамағаны күдік туғызған.

Полиция қызметкерлері тексеріс жүргізген кезде видеоның қойылым екенін, автордың ол жағдайға қатысы бар екенін анықтады.

"Ол от жаққан ер адамдардың досы, ал түсірілім хайп үшін жасалған",- деді Алматы полициясы департаменті бастығының бірінші орынбасары НұрланАлмасбеков.

Полиция бұл қойылымды ұйымдастырған 1997 жылы туған Б. деген азамат екенін айтты. Ол кәуап пісіруге еліктегенін айтып, кінәсін бірден мойындады.

"Қазақстан мен Алматы тұрғындары алдында істеген ісіме өкінетінімді хабарлаймын. Болашақта осындай қиын кезеңде қалжыңдауға болмайтынын түсіндім. Шын жүректен кешірім сұраймын", - деді алматылық.

Кешірім сұрағанына қарамастан, кінәлі бірден үш құқықбұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды: ұсақ бұзақылық, төтенше жағдай ережелерін бұзу және көлікті рұқсат етілмеген жерге қою.

Іс материалдары сотқа жолданып, сот шешімімен алматылық 15 тәулікке қамауға алынды.

Қазақстандағы төтенше жағдай режимі

Қазақстанда 16 наурыздан 15 сәуірге дейін төтенше жағдай режимі енгізілді. Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау және Қарағанды облысында бес қала (Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Абай, Саран), Шымкентте бір ықшам аудан карантинге жабылды. Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облысы өз шекарасын жапты.

Елімізде соңғы мәліметке сәйкес, коронавирус жұқтырғандар саны 325 адамға жетті.

Жаңалықтар
0