НҰР-СҰЛТАН, 30 наурыз – Sputnik. Қазақстанда шағын және орта бизнес кәсіпкерлерін қолдаудың жаңа пакеті әзірленеді. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев твиттерде жазды.
"Шағын және орта бизнес өкілдерінің үндеуімен мұқият танысып шықтым. Қазіргі төтенше жағдай кезінде көтеріліп отырған мәселелер өзекті. Барлық өтініштер мен ұсыныстар мұқият сарапталады. Сонымен қатар басқа да шаралар қарастырылады", деп жазды президент.
Қабылданған шешімдерді әлеуметтік-экономикалық шаралардың жаңа пакеті бойынша жұмыстар аяқталған соң жариялаймын.
— Qasym-Jomart Toqayev (@TokayevKZ) March 30, 2020
Тоқаев әлеуметтік-экономикалық шаралардың жаңа пакеті әзірленген соң, қабылданған шешімдерді жария етуге уәде етті.
Бұған дейін мейрамхана қожайындары мен басқа да бизнес өкілдері президентке ұжымдық хат жолдаған еді.
ШОБ өкілдері қосылған құн салығы мөлшерлемесін, жеке табыс салығын төмендетуді, 36 айға пайызсыз кредит беруді, кепіл ұсыну қажеттілігінен босатуды, ағымдағы кредиттер бойынша өсімпұл пен айыппұлды алып тастауды және қарызды қайта қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды сұраған болатын.
Тағы оқыңыз: Төтенше жағдай кезіндегі әлеуметтік төлемге құжат қабылдау басталды
Айта кетсек, шағын және орта бизнестің жекелеген санаттары, оның ішінде сауда ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, көрмелер мүлік салығын және салықтар бойынша қарызын төлеуден уақытша босатылды. Бұдан бөлек, жалпы тәртіпте жұмыс істейтін 72 мың кәсіпкер жыл соңына дейін он пайыздық жеке табыс салығын төлемейді.
16 наурыздан бастап Қазақстанда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланды. Осыған байланысты көптеген ШОБ субъектілері жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.