Экономика

Үкімет әлеуметтік жәрдемақы төлеу тәртібін өзгертті

© Sputnik / Владислав ВодневТенге, деньги
Тенге, деньги - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Тізімге кіретін азаматтардың саны артады. Сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін жәрдемақыны тағайындау тәртібі жеңілдей түседі

НҰР-СҰЛТАН, 29 наурыз – Sputnik. Төтенше жағдайда табыссыз қалған азаматтарға жәрдемақы беру тәртібіне өзгеріс енгізілді. Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, енді осы тізімге кіретін азаматтардың саны артады. Сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін жәрдемақыны тағайындау тәртібі жеңілдей түседі. 

"Біріншіден, жәрдемақы алатын адамдардың саны артады. Енді, оларға азаматтық-құқықтық келісімшартпен жұмыстар мен қызметтерді атқарғандар да қосылады. Бірақ міндетті зейнетақы жарналары төленуі шарт. Бұдан бөлек, карантин жарияланған елді мекендерде ірі бизнес нысандарда жұмыс істеген адамдарға да жәрдемақы төленеді", - деді Абаев бүгінгі онлайн брифингте.

Оның сөзіне қарағанда, енді төтенше жағдайға байланысты адамның табыстан айырылғанын растайтын құжаттарды ұсынудың қажеті жоқ. Ол талапты алып тастады. Осылайша, жаңа тәртіпке екінші өзгеріс енгізіліп отыр.

"Бұған дейін жұмыс беруші өз жұмысшылары үшін әлеуметтік төлемге арыз беруге құқылы болған. Ал жеке кәсіпкерлер мен бірыңғай жинақ төлемін төлейтіндер өздері үшін құжат тапсырған. Бірақ "жұмыс беруші жұмыскердің табыстан айырылғанын растайтын құжатты ұсынуы тиіс" деген талап болды. Енді, ондай құжаттарды ұсынудың қажеті жоқ. Әлеуметтік төлемді алу үшін жұмыс беруші арыз бен жұмысшылардың тізімін ғана береді. Жеке кәсіпкерлер, бірыңғай жинақ төлемін төлейтіндер тек арызды ғана береді. Сондай-ақ, жұмыскерлер жұмыс беруішіні күтпей, арызды өз бетімен жібере алады", - деп атап көрсетті Абаев.

Тағы оқыңыз: Министр қате ақпарат таратқаны үшін кешірім сұрады

Осы орайда министр жалған ақпарат үшін жауапкершіліктің бар екенін еске салды. Арызды электронды үкімет арқылы жіберуге болады. 

"Сосын бұған дейін әлеуметтік сақтандыру қорына соңғы бір жылдың ішінде, кем дегенде, үш айдың жарнасы төленуі керек еді. Енді, бір айдың төлемі жасалса да жеткілікті. Бұның бәрін дәлелдеудің қажеті жоқ. Оны "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы автоматты түрде тексеріп шығады. Төртінші өзгеріс - өтінімді қарау мерзімінің 7 күннен 3 күнге қысқаруы ", - дейді Абаев.

Жаңалықтар
0