НҰР-СҰЛТАН, 29 наурыз – Sputnik. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев коронавирустың тарихына қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінгі онлайн брифинг кезінде министр халық тарапынан түсіп жатқан сұрақтарды оқып берді. Соның бірі коронавирустың тарихына қатысты. Министрдің айтуынша, халық арасында "қазір коронавирус ешқандай жаңа ауру емес, ол 1965 жылы анықталған және адамдардың 70 процентінде оған қарсы иммунитеті бар" деген әңгіме тарап жүр.
"Коронавирус - ол вирус тұқымдасы. Оған 40-тан астам вирус кіреді. Атипиялық пневмония - бұл да коронавирус. Таяу Шығыс респираторлық синдром да коронавирустың бір түрі. Шынында да, 1965 жылы осындай вирустың алғашқы түрі табылған болатын. Бірақ ол COVID-19 емес. Оны 2019 жылы ғана анықтаған. Сондықтан адамдарда оған қарсы ешқандай иммунитет жоқ. Сенбесеңіздер, Италия тұрғындарынан сұрауға болады деп ойлаймын. Сондықтан санитарлық талаптарды сақтап, үйде отыру керек", - деді Абаев.
Тағы оқыңыз: Министр қате ақпарат таратқаны үшін кешірім сұрады
Оның сөзіне қарағанда, коронавирус тұқымдас инфекциялардың басты ерекшелігі сол, онымен ауырған адамның осы инфекцияға қарсы иммунитеті қалыптаспайды. Жазылып шыққан адам қайтадан вирусты жұқтыруы мүмкін.