Экономика

Төтенше жағдай кезінде кімдерге айыппұл мен өсімпұл есептелмейді?

© Sputnik / Абзал КалиевТенге
Тенге - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Министр Абаев қарыз алушыларға осы жылдың 16 наурызынан 15 маусымына дейін жеңілдік берілетінін айтты

НҰР-СҰЛТАН, 27 наурыз – Sputnik. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев төтенше жағдайға байланысты кімдерге айыппұл мен өсімпұл есептелмейтінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Ол банктер мен микрокредиттік ұйымдардағы қарыз бойынша айыппұл мен өсімпұл мұқтаж адамдарға есептелмейтінін атап өтті. 

Осы жылдың 16 наурызынан 15 маусымына дейін қарыз алушыларға жеңілдік беріледі. 

"Мәселен, карантинге байланысты жұмысынан айырылғандар, ақысыз еңбек демалысына шыққандар, жалақысы азайып немесе тоқтағандар. Міне, осы санаттағы адамдарға есептелмейді. Өздеріңіз байқап отырғандай, дені төтенше жағдай режимімен байланысты", - деді Абаев онлайн брифингте. 

Сонымен қатар, ресми тіркелген жұмыссыздар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар мен тұрмысы төмен азаматтар да қосымша құжатсыз бұл жеңілдікке іліге алады. 

Министр кредиттік ұйымдар азаматтардың тізімін кредит бюросынан алатынын айтты. 

"Аталған шара кәсіпкерлерге де қатысты", - деді Абаев. 

Қазақстанда 16 наурыздан бастап төтенше жағдай жарияланды. Режим отыз тәулікке созылады.

Жаңалықтар
0