АЛМАТЫ, 27 наурыз – Sputnik. Павлодар облысында коронавирус анықталған науқас Нұр-Сұлтанда инфекция табылған науқаспен байланыста болған, деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Біржан Досмаилов.
"27 наурызда Павлодар облысында 1988 жылы туған азаматтан коронавирус инфекциясы табылды. Ер адам бұрын диагнозы расталған науқаспен Нұр-Сұлтан қаласында байланыста болған", – деді ол брифингте.
Науқас ережеге сәйкес ауруханаға жатқызылды. Қазір оның жағдайын дәрігерлер қанағаттанарлық деп бағалап отыр. Ол жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр, шағымы жоқ.
"Қазіргі кезде науқаспен байланыста болғандар анықталды. Індетке қарсы шаралар жүргізіліп жатыр", – деп толықтырды Досмаилов.
Оқи отырыңыз: Павлодар облысында бір адамнан коронавирус табылды
Соңғы ақпарат бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырған 125 науқас тіркелді.
Нұр-Сұлтан қаласында – 60, Алматы қаласында – 48, Қарағанды қаласында – 4, Жамбыл облысында – 3, Атырау облысы – 3, Шымкент қаласында – 2, Алматы облысында – 1, Ақтөбе облысында – 1, Солтүстік Қазақстан облысында – 1, Ақмола облысында – 1, Павлодар облысында – 1 адам.