НҰР-СҰЛТАН, 27 наурыз – Sputnik. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев карантин кезінде көшеде жүру талаптарына тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Бүгін түнгі он екіден бастап үйден шығуға шектеу қойылады. Үйден тек азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға немесе жұмысқа бару үшін шығуға болады. Сонымен бірге, отызыншы наурыздан бастап мекемелердің басым көпшілігі жұмысын тоқтатады. Көшеде полиция қызметкерлері тоқтатып, қайда бара жатқаныңызды сұраса, оған түсіністік танытып, жауап беру керек", – деді Абаев онлайн брифингте.
Жұмысқа шақырғанды растау үшін тікелей басшының немесе кадр қызметкерлерінің телефон нөмірі болғаны жөн.
"Азық-түлік дүкендері мен дәріханалар әдетте тұрғын үйлерге жақын орналасады. Сондықтан полиция қызметкерлері тұрғындардың қажетті затын сатып алып, үйге қайтқанын бақылауы мүмкін. Оған да түсіністік таныту қажет", – деді министр.
Ол қала тұрғындары үй жануарларын үй маңында серуендете алатынын атап өтті.
"Ал егер адамдар басқа себептермен сыртқа шықса, онда алдымен ескерту, одан кейін 26,5 мың теңге айыппұл салынуы немесе он бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін", – деп ескертті Абаев.
Полиция қызметкерлері хаттама толтырып, істі сот қарайды.
Төтенше жағдай кезінде билік өкілінің заңды талабына бағынбағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Сонымен қатар, ол қоғамдық көліктердің қозғалысы шектелуі мүмкін екенін айтты.
Оқи отырыңыз: Алматыда коронавирус жұқтырған науқастардың жағдайы қалай?
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 125 адамға жетті.
Нұр-Сұлтан қаласында – 60 , Алматы қаласында – 48, Қарағанды қаласында – 4, Жамбыл облысында – 3, Атырау облысында – 3, Шымкент қаласында – 2, Алматы облысында – 1, Ақтөбе облысында – 1, Солтүстік Қазақстан облысында – 1, Ақмола облысында – 1, Павлодар облысында – 1 адам тіркелді.