НҰР-СҰЛТАН, 26 наурыз — Sputnik. Әлеуметтік желіде Алматы саябағында әлсіреген көгершіндердің суреті пайда болды. Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінде жағдайды түсіндірді.
"Біз бүгін Алматыда 28 панфиловшы саябағындағы әлсіреген көгершіндер мен құс өлексесі түсірілген суреттерді алдық", - деп жазды әлеуметтік желіде комитеттің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Алматы облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының мамандары саябаққа барады. Ділдахмат өзге мемлекеттік орган өкілдері де баратынын айтты.
Олар тиісті сынамалар алып, зертханалық зерттеу жүргізеді.
"Құстардың мұндай күйінің нақты себебі зерттеу қорытындысы бойынша белгілі болады", - деді ведомство өкілі.
Еске сала кетсек, елде коронавирусқа қарсы залалсыздандыру жұмысы жүргізіліп жатыр.
Тағы оқыңыз: Қытай иероглифі бар көгершіндер жұртты шошытты - фото
Бұған дейін астаналық әкімдік мұндай шараның тұрғындарға кесірі тимейтінін айтқан болатын. Алайда елорда тұрғындарына көшеге сирек шығуға кеңес берілді.