НҰР-СҰЛТАН, 26 наурыз – Sputnik. Қазақстан астанасында індетке шалдыққан төрт адамның жағдайы ауыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Стационарда емделіп жатқан 61 пациенттің ішінде төртеуінің жағдайы тұрақты ауыр. Пневмониясы бар, тыныс алуы қиын. Тиісті ем алып жатыр. Ал қалғандарының жағдайы қанағаттанарлық, шағымы жоқ. Дене қызуы көтерілмеген," – деді Қисықова астанада өткен онлайн-брифингте.
Ол 26 наурызда тіркелген жиырма дерекке тоқталды.
"Он төрт адам стационарда ем алып жатқан. Кейбірі бұған дейін өткір респираторлық вирустық инфекция белгілерімен, қызуы көтеріліп және пневмония күдігімен ауруханаға түскен болатын. Енді бірі 24 және 25 наурызда тіркелген пациенттермен байланыста болғандар тобынан. Тағы бір топ басқа елдерден астанаға келіп оқшауланған адамдар", – деді ол.
Алты адам мониторинг жүргізу барысында анықталған.
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 109 адамға жетті. Ең көбі Нұр-Сұлтан қаласында – 61 адам, одан кейін Алматы қаласында – 40 адам.
Қарағанды қаласында – 2, Шымкентте – 2, Алматы облысында – 1, Ақтөбе облысында – 1, Жамбыл облысында – 1, Солтүстік Қазақстан облысында – 1 адам тіркелді.