НҰР-СҰЛТАН, 26 наурыз – Sputnik. Елорда ауруханаларында сексен бала карантинде жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"26 наурыз сағат 18.00-дегі жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы коронавирус инфекциясы туралы ақпарат ұсынамыз. Қалада жұқпалы, провизорлық және карантиндік ауруханаларда 1 156 адам жатыр. Соның ішінде 80 бала бар", – деді ол астанада өткен онлайн брифингте.
Соңғы дерек бойынша ел астанасында 61 адам коронавирус жұқтырған.
Бұған дейін Қисықова төрт пациенттің ауыр жағдайда жатқанын мәлімдеген болатын. Олардың тыныс алуы қиындаған. Ал қалғандарының жағдайы қанағаттанарлық.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырған төрт адам ауыр хәлде жатыр
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 109 адамға жетті.
Ең көбі Нұр-Сұлтан қаласында – 61 адам, одан кейін Алматы қаласында – 40 адам.
Қарағанды қаласында – 2, Шымкентте – 2, Алматы облысында – 1, Ақтөбе облысында – 1, Жамбыл облысында – 1, Солтүстік Қазақстан облысында – 1 адам тіркелді.
19 наурыздан бастап астана мен Алматы қаласы карантинге жабылды.