АЛМАТЫ, 26 наурыз – Sputnik. Алматыда 26 наурыздан бастап қоғамдық көліктер таңғы алтыдан кешкі жетіге дейін жұмыс істейтін болады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев хабарлады.
"26 наурыздан бастап қоғамдық көлік қозғалысының кестесін сағат таңғы 6:00-ден кешкі 19:00-ге дейін қысқартамыз.Сондай-ақ, штабтың шешімімен негізгі сауда нысандары мен қызмет көрсету нысандарының жұмысы тоқтатылды. Бұл шешім тек дәріханалар мен медициналық ұйымдардың, азық-түлік дүкендері, жанар-жағармай стансаларының жұмысына шектеу қоймайды", - деп жазды қала әкімі Instagram парақшасында.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев қандай орталықтардың жұмысы тоқтайтынын хабарлады.
"Азық-түлік емес сауда орталықтары, ойын-сауық орталықтары, сән салондары, химиялық тазалау, кір жуу орындары, фотоателье, фотосалондар, оптика, ломбард, тұрғын үй бойынша агенттіктер, көлік жуу, техникалық қызмет көрсету саласындағы нысандар жабылады. Бұдан басқа мейрамхана мен асханалар шектеулі режимде сағат онға дейін жұмыс істейді. Олар тек қана үйге алып келеді, клиенттер қабылдауға рұқсат жоқ", - деді Тұяқбаев.
Сондай-ақ, кез келген ойын-сауық орталығы, интернет-клубтар, караоке, балалар орталығы, бильярд залдары жабылады. Тізімге сонымен қатар спорт нысандары да кіреді: фитнес-орталықтар, бассейн, спорт клубтары. Жабылған нысандардың тізімін әкімдіктің сайтынан көруге болады.
Сонымен қатар қала әкімдігі санитарлық нормаларды сақтамаған кәсіпкерлік нысандардың атын жариялап отыру туралы шешім қабылдады.
"Өкінішке қарай кей нысан карантинге қарамай жұмысын тоқтатқан жоқ. Кей жер медициналық бетпердесіз жұмыс істеп, санитарлық норманы сақтамаған. Нанды орамай сатып жатқан дүкендер де бар. Біз күн сайын мониторинг жүргізіп, талаптарды бұзу анықталған жағдайда жаза ғана қолданбай, талаптарды орындамаған нысандарды жариялап отырамыз деген шешімге келдік", - деді қала әкімінің орынбасары.
Бұған дейін қала әкімі карантинге немқұрайлы қарап, шектеу шараларын сақтамай жұмыс істеп жатқандардың азаймай тұрғаны жайлы айтқан болатын.
"Коронавирусқа қатысты жағдай біз ойлағаннан әлдеқайда қауіптірек болды. Қауіпті жете түсінбеу – жауапсыздық және қылмыспен пара-пар. Карантинге немқұрайлы қарап, шектеу шараларын сақтамай, халықтың өмірін қауіп-қатерге тіккен жандар азаймай тұр. Жұмысын жалғастырып жатқан спорт залдары мен мейрамханалар, санитарлық нормаларды сақтамаған азық-түлік дүкендері анықталды. Мамандардың сөзіне құлақ аспай, көшеде қыдырып жүрген тұрғындар да бар. Тәртіпке бағынбағандар үшін қатаң шара қолданылады", - деп жазды Бақытжан Сағынтаев.
Айта кетейік, қалада қоғамдық көлік жолаушыларының саны 70%-ке азайған. Осыған байланысты төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Алматының жедел штабы қалалық автобус пен метроның жұмыс уақытын қысқарту туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, қалааралық және қала маңындағы маршруттардың жұмысы тоқтатылды.
Соңғы мәліметке сәйкес, Қазақстанда 88 адамда COVID-19 анықталды:астанада – 46 адам, Алматыда – 34 адам, Қарағандыда - екі адам, Алматы облысында – 1 адам, Ақтөбе облысында - 1 адам, Шымкентте - 2 адам, Жамбыл облысында бір жағдайтіркелді, Солтүстік Қазақстанда - 1 адам.
Еске сала кетсек, елде 16 наурыздан бастап төтенше жағдай режимі енгізілді. Ол сәуірдің 15-не дейін жалғасады.