НҰР-СҰЛТАН, 25 наурыз – Sputnik. Ресей президенті Владимир Путин келесі аптаны демалыс деп жариялады. Сондай-ақ ол Конституцияға түзетулер бойынша дауыс беруді кейінге шегерді.
Конституцияға түзетулер енгізу бойынша бүкілхалықтық дауыс беру 22 сәуірге жоспарланған еді.
"Біз үшін адамдардың денсаулығы, өмірі мен қауіпсіздігі бірінші орында. Сол себепті дауыс беруді кейінге шегеру қажет деп санаймын. Өңірлерде, жалпы елімізде жағдай қалай өрбитінін көрейік. Дәрігерлер мен мамандардың пікірі мен ұсыныстарына сүйеніп, дауыс беру күні туралы шешім қабылдаймыз",- деді Путин.
Вирустың жылдам таралу қаупін болдырмаудың маңызы өте зор, деп жалғастырды ол.
Тағы оқыңыз: Путин коронавирус жұқтырған науқастардың қал-жағдайын білді
"Сондықтан келесі аптаны демалыс деп жариялаймын. Жалақы сақталады. Яғни, демалыс күндері сенбі, 28 наурыздан жексенбі, 5 сәуірге дейін жалғасады. Тіршілікті қамтамасыз ету құрылымдары, соның ішінде медициналық мекемелер, дәріханалар, дүкендер, банк және қаржы есептеулерін қамтамасыз етуші мекемелер, көлік, барлық деңгейдегі билік органдары жұмысын жалғастырады", - деп нақтылады Путин.
Ол ресейліктерді тәртіп пен жауапкершілікке шақырды.