Әлем

Коронавирус қаупі: әлемде не болып жатыр?

© AP Photo / Vincent ThianДевушка в защитной маске
Девушка в защитной маске - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Дәрігерлердің болжамы бойынша алдағы бір-екі айда коронавирустың қаупі төмендейді. Ал Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ойынша, сәуірдің ортасында елімізде коронавирусқа шалдыққан адамдардың саны азаяды

НҰР-СҰЛТАН, 25 наурыз – Sputnik, Арман Асқар. Қазіргі уақытта әлем бойынша коронавирусты жұқтырған адамдардың саны 424 мыңнан асты. Осы індеттен 19 мыңға жуық адам қайтыс болса, 109,1 мың науқас жазылып шықты. Sputnik Қазақстан тілшісі коронавирус бойынша әлемдегі жағдайға шолу ұсынады.

Қазіргі кезде COVID-19 вирусына шалдыққандардың саны жағынан Қытай көш бастап тұр. Науқастардың жалпы саны 80 мыңнан асады. Одан кейін Италия (69 176), АҚШ (55 225), Испания (42 058), Германия (32 991), Иран (24 811), Франция (22 635), Швейцария (9 891), Оңстүтік Корея (9 137) мен Ұлыбритания (8 164) тұр. Нидерланд пен Австрияда науқастардың саны 5 мыңнан асты.

Коронавирустан қайтыс болғандар:

  • Италия (6 820)
  • Қытай (3 163)
  • Испания (2 991)
  • Иран (1 934)
  • Франция (1 100)
  • АҚШ (784)
  • Ұлыбритания (422)
  • Нидерланд (276)
  • Германия (159)
  • Швейцария (132)
  • Оңтүстік Корея (126)

Коронавирустан жазылғандар:

  • Қытай (73 159)
  • Иран (8 913)
  • Италия (8 326)
  • Испания (3 794)
  • Оңтүстік Корея (3 730)
  • Германия (3 290)
  • Франция (3 281)

ЕАЭО-да жағдай қалай?

Көрші Ресейде коронавирусқа шалдыққандардың саны 658 адамға жеткен. 29 адам жазылып шықты. Екі күні бұрын Ресей барлық бағыттағы әуе рейстерін тоқтатты. Мәскеуге келетін чартерлік рейстер ғана қалды. Себебі, шетелде қалған ресейліктерді қайтару қажет. Бұдан бөлек, 1 мамырға дейін шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға кіруге тыйым салынды.

Ал Қырғызстанда бүгіннен бастап Бішкек, Ош пен Жалал-Абад қаласында, сондай-ақ, тағы үш ауданда төтенше жағдай режимі енгізілді. Осы уақытқа дейін көрші мемлекетте 42 адамда коронавирус анықталды. Төтенше жағдай режимі 15 сәуірге дейін жалғасады. Тәртіп бойынша күндіз азық-түлікке, дәрі-дәрмекке және ауруханаға шығуға рұқсат бар. Ал кешкі сағат 20:00-ден таңғы 7:00-ге дейін далаға шығуға болмайды, бұл комендаттық сағат болып саналады.    

Оқи отырыңыз: Сәбиге Корона деген есім қойылды

Арменияда вирус жұқырғандардың саны 265 адамға жетті. Осы уақытқа дейін 16 адам жазылып шыққан. Бұл мемлекетте төтенше жағдайдың енгізілгеніне бір аптадан асты. Елге кіру мен шығу шектелді, көпшілік шараларға тыйым салынды. Оқу орындары мен мәдени ошақтар жабылды. Алайда, коронавирустың таралуы тоқтамай жатыр.

Осыған байланысты бүгіннен бастап республика бойынша адамдардың жүріп тұруына шектеу енгізілді. Үйден тек керек кезде ғана шығуға болады. Ондайда әрбір адам өзімен бірге төлқұжат пен анкетаны ұстап жүруі керек. Кәсіпорындардың жұмысы тоқтатылады.

Беларусьта коронавирусты жұқтырғандардың саны 86 адамды құрап отыр. Ресми мәліметке сәйкес, 29 адам жазылып шықты. Алғашқы кезде денсаулық министрлігі коронавирус анықталған қалаларды атаса, артынан науқастардың тұратын жерін жарияламайтын болды.

Министр Владимир Караниктің айтуынша, толық ақпарат таратылғанда бұқаралық ақпарат құралдары мен блогерлер адамдардың жеке өміріне араласып, халықты дүрліктіріп келген. Соның салдарынан азаматтар медициналық мекемелерге аз барды, кіммен байланыста болғанын жасыруға тырысты. Осыдан кейін коронавирус анықталған қалаларды атамауға шешім қабылданды.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда екі науқас коронавирустан сауықты

Қазақстанда осы уақытқа дейін 80 адам коронавирус жұқтырған. Бұдан бөлек, шетелде екі азаматымыз ауруханаға түскен. Күні кеше Германиядағы қазақстандықты ауруханадан шығарды. Ал Мажарстан ауруханасында жатқан әйелдің жағдайы қанағаттанарлық.

Әлемді әбігерге салған індет

Жалпы, бүгінде коронавирус әлем бойынша 170 мемлекет пен аймаққа тарап кеткен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, АҚШ-та коронавирус тез тарап жатыр. Соңғы бір күннің ішінде осы індетке шалдыққандардың 85 проценті Еуропа мен АҚШ-қа тиесілі.

Пандемияға байланысты көптеген мемлекеттер төтенше жағдайды күшейтіп жатыр. Мәселен, Молдовада саяжайлар мен балалар алаңдарына шығуға тыйым салынды. Ал Румынияда 65 жастан асқан азаматтарға далаға шығуға болмайды. Мысырда комендаттық сағат енгізілді.

Дәрігерлердің болжамы бойынша алдағы бір-екі айда коронавирустың қаупі төмендейді. Ал Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ойынша, сәуірдің ортасында елімізде коронавирусқа шалдыққан адамдардың саны азаяды.

 

Жаңалықтар
0