Экономика

Қазақстанда бір реттік төлем барлығына неге берілмейді – министр түсіндірді

© Sputnik / Владислав ВодневТенге, деньги
Тенге, деньги - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстан үкіметі бүкіл халыққа бір реттік төлем беру тиімсіз деп есептейді, оның орнына басқа шараларды іске асырған пайдалы болмақ

НҰР-СҰЛТАН, 24 наурыз – Sputnik. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев үкімет төтенше жағдай кезінде барлық адамға бір реттік төлем беруден не себепті бас тартқанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Біз барлығына бір реттік төлем беру сияқты популистік шарадан әдейі бас тарттық. Халық ондай шараны неге қолдайтынын да білеміз. Алайда оның нәтижесі қысқа, бұл жүйелі шара емес. Президенттің қойып отырған мақсаты – іскерлік белсенділікті арттыру, бизнесті күшейту, жаңа жұмыс орындарын құру", - деді Абаев бүгінгі брифингте.

Министрдің айтуынша, дағдарыс кезінде дүкен сөрелерінде отандық өнімді барынша арттыруға болады. Мұнай экспортына тәуелді болмай, басқа да салаларды дамытуға мүмкіндік бар.

"Мысалы, бизнесті кредиттеу шаралары 1 триллион теңгеге дейін жететін болады. Мөлшерлеме – 6 процент. "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасына кіретін тауарлардың тізімі кеңейеді. Микро және шағын бизнес үшін кредиттің сомасы 360 миллион теңгеге дейін артатын болады. Салықтық жеңілдіктер енгізіледі, тексерістер азаяды. Қазірдің өзінде бизнес импорт алмастыру бойынша 1 триллион теңгенің жобаларын ұсынып отыр. Осының арқасында шамамен 25 мың жұмыс орнын құруға болады", - деп атап көрсетті Абаев. 

Тағы оқыңыз: Алматыда азық-түлік пакеттері таратыла бастады

Осы орайда министр президенттің тапсырмасы бойынша төтенше жағдай кезінде табыстан айырылған азаматтарға жәрдемақыны беру туралы айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде осы мәселеге қатысты сұрақтар жиі түседі.

"Қазір бұл механизмдер ұйымдастырылуда. Нәтиже жақын уақытта белгілі болады. Төлемдер кімдерге тиесілі болса, сол азаматтардың барлығы алады. Алу тәртібін қосымша хабарлаймыз", - деп атап көрсетті Абаев.

Тоқаевтың тапсырмасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында коронавирус індетіне байланысты табысын жоғалтқан адамдарға жәрдемақы төлеуді тапсырды. Оның мөлшері - 1 ең төменгі жалақы (42 500 теңге). Кемінде 1,5 миллион адам қамтылады.

Ал мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауға кімдер ие болатындығын қоғам өкілдері мен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының мүшелері кіретін арнайы өңірлік штабтар анықтайды.

Жаңалықтар
0