НҰР-СҰЛТАН, 24 наурыз – Sputnik. EGov.kz мемлекеттік қызметтер сайтында коронавирус қаупі жоғары аймақтар картасы пайда болды.
Онда COVID-19 жағдайы тіркелген Қазақстанның қалалары белгіленген. Сілтемеге өту арқылы кез-келген қаладағы коронавирус жұқтырғандардың санын білуге болады.
Сондай-ақ, ол жерде вирус жұқтырған аймақтар қызыл түспен белгіленген, ал көк белгілер сол жұқтырған адаммен байланыста болған азаматты тіркеу орнын көрсетеді. Бұл жағдайда азаматтың өзі үйде немесе стационарлық карантинде бола алады.
Оқи отырыңыз: Абаев төтенше жағдайдың мерзіміне қатысты ойын айтты
Айта кетейік, онлайн-карта алғаш рет 22 наурызда электрондық үкімет веб-сайтында шықты. Кейінірек қолжетімсіз болып қалды. Бір күннен соң қайта іске қосылды. Алайда, карта бейнеленген скриншоттар әлеуметтік желілер арқылы тарай түсті. Кейбір мәліметтер дұрыс болмағандықтан, алыпқашпа әңгіме көбейді.
Көп ұзамай ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев карта сайттан неге алынып тасталғанын түсіндірді. Оның сөзіне қарағанда, карта "түсінікті әрі нақты болуы үшін" қайта қарауға жіберілген.
Жаңартылған картаны мына жерден көруге болады.
Қазақстандағы коронавирус
Елімізде коронавирусқа шалдығудың алғашқы екі жағдайы 13 наурызда тіркелді. 16 наурыз күні елде төтенше жағдай режимі енгізілді. 19 наурызда Алматы мен астана карантинге жабылды.
Төтенше жағдай қашан аяқталады
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Қазақстанда әлі бұл вирусқа шалдығудың шыңы тіркелмегенін айтты. Сондықтан билік екі қалада карантиннің аяқталу мерзімін нақты айта алмайды. Абаевтың айтуынша, карантин тезірек аяқталуы үшін дәрігерлердің талабын орындау керек.