НҰР-СҰЛТАН, 24 наурыз – Sputnik. "Air Astana" әуе компаниясы 29 наурыздан бастап шетелден қазақстандықтарды қайтаруды тоқтататынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әуе компаниясы таратқан мәліметке сәйкес, коронавирустың кеңінен таралуына байланысты бірқатар елге кіріп-шығуға шектеу қойылды. Соған қарамастан, "Air Astana" әуе компаниясы 1-23 наурыз аралығында 37 500-ден астам қазақстандықты шетелден қайтарды. Осы айдың соңына қарай елге әкелінетін Қазақстан азаматтарының жалпы саны 40 мың адамға жетеді деп болжанып отыр.
"22 наурыздан 14 сәуірге дейін Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында карантинге және елдегі төтенше жағдайға байланысты рейстердің 95%-і тоқтатылды (2863 орнына 140 рейс орындалады), және 22 наурыздан бастап барлық ішкі рейстер тоқтатылды, 29 наурыздан халықаралық репатриациялық рейстер тоқтатылады", - делінген ресми хабарламада.
Халықаралық рейстердің кестесі airastana.com сайтында жарияланып тұрады.
16 наурызда коронавирусқа байланысты Қазақстанда төтенше жағдай жарияланған болатын. Ал 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин енгізілді.
Cоңғы мәліметтер бойынша Қазақстанда коронавирус дертіне шалдыққандар саны 68 адамға жетті. Оның 35-і Нұр-Сұлтанда, 29-ы Алматыда, 2-і Қарағандыда, 1-і Алматы облысында және 1 жағдай Ақтөбе облысында тіркелген.