НҰР-СҰЛТАН, 22 наурыз – Sputnik. Өзбекстанда көшеге бетпердесіз шыққан адамдарға айыппұл салынады. Үкімет жанындағы шұғыл штаб осындай шешім қабылдады, деп хабарлады РИА Новости.
Өзбекстанның денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, 15 наурызда Франциядан келген әйелден коронавирус анықталған болатын. Ал жексенбі күні осы індетті жұқтырғандардың саны 42 адамға жетті. Осыған байланысты 16 наурыздан бастап Өзбекстан басқа елдермен арадағы көлік қатынасын тоқтатты. Ал ертеңнен бастап шекарадағы өткізу-бақылау бекеттері жабылады. Сондай-ақ, шұғыл штабтың шешімімен далаға бетпердесіз шығуға тыйым салынды.
"23 наурыздан бастап Ташкент пен облыс орталықтарында қоғамдық жерде бетпердесіз жүруге тыйым салынады. Ал 25 наурыздан бастап осы талапты бұзғаны үшін айыппұл салынады", - делінген штабтың ресми хабарламасында.
Ереже бойынша көшеге бетпердесіз шыққаны үшін бір базалық есептік мөлшер көлемінде (шамамен 23 доллар) айыппұл салынады. Ал осы талапты екінші рет бұзғандар 70 доллар төлеуге міндеттеледі.
Бұдан бөлек, 23 наурыздан кейін Ташкентте барлық кәсіпорын мен ұйым мүмкіндігіне қарай өз қызметкерлерін еңбек демалысына жіберуі тиіс. Ондай мүмкіндік болмаса, қашықтан жұмыс істеуге ауыстыруы шарт.
Оқи отырыңыз: Тоғжанов бетперде тапшылығы қалай жойылатынын айтты
Қазіргі кезде Өзбекстанда COVD-19 пандемиясына байланысты барлық көршілік шараға тыйым салынды. Наурыз да тойланбайтын болды. Ойын-сауық орындары, кинотеатрлар, театрлар мен тамақтану жерлері жабылды. Бүгіннен бастап Ташкентте қоғамдық көлік қатынасы тоқтатылды. Ал ертең, 23 наурызда той, құдайы тамақ сияқты көп адам жиналатын шараларға шектеу енгізіледі.