АЛМАТЫ, 21 наурыз – Sputnik. Елбасы бастамасымен құрылған "Birgemiz" қоғамдық қорына меценаттар мен бизнесмендерден 41 миллион доллар түсті. Бұл туралы Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай хабарлады.
"Қайырымдылыққа Тимур Құлыбаевтан – 10 миллион доллар, Айдын Рахымбаевтан – 2 миллион доллар, Кеңес Рақышевтан – 1 миллион доллар, Ғалымжан Есеновтен – 2 миллион доллар, Рашид Сәрсеновтен – 2 миллион доллар, Александр Клебановтан – 2 миллион доллар, Александр Беловичтен – 2 миллион доллар түсті", - деп жазды Үкібай әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, қазір қорға түскен қаражат сомасы 41 миллион долларды құрайды (Ұлттық банктің бағамы бойынша 18,2 миллиард теңгеден астам).
Бұған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға үндеу жасаған еді. Ол ел басына түскен қиын кезеңде коронавируспен күреске ақша аудару үшін республикалық қор құруды ұсынды.
Коронавирус эпидемиясы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 16 наурызда Қазақстанда төтенше жағдай жарияланды. Ол отыз тәулікке жалғасады. 19 наурызда Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласы карантинге жабылды.
Тағы оқыңыз: Назарбаев: Мерекелік көңіл-күйге бөленуге ештеңе кедергі бола алмайды
Азаматтарға екі қалаға кіріп-шығуға 22 наурызға дейін уақыт берілді. Карантин енгізілуіне байланысты ірі сауда және ойын-сауық орталықтары, мәдениет, тамақтану және қызмет көрсету орталықтары уақытша жабылды.
Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 53 адамға жетті.
Алматы қаласында – 22 адам, Нұр-Сұлтан қаласында – 28 адам, Қарағанды қаласында – 2 адам, Алматы облысында бір адам тіркелді.