Қоғам

Алматыда карантин енгізілгеннен кейін жол апаты азайды

© Sputnik / Тимур БатыршинАвтокөлік қозғалысы
Автокөлік қозғалысы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
19 наурыздан бастап Алматы карантинге жабылды, қазір бұл қалада коронавирус жұқтырғандар саны 22 адамға жетіп отыр

АЛМАТЫ, 21 наурыз –Sputnik. Карантин енгізілген Алматы қаласында жол-көлік оқиғасы 70%-ке азайды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімшілік полициясының басшысы Жандос Мұратәлиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Бір тәулік ішінде қалада 70 қылмыс тіркеліп, 57 іс аз уақыт ішінде ашылды.  Ал қала бойынша қылмыс 25,5%-ке төмендеді. Сонымен қатар жол-көлік оқиғалары 70%-ке азайып отыр", - деді Мұратәлиев қала әкімдігінде өткен брифингте.

Айтуынша, қалада карантинге алынған тоғыз инфекция ошағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 64 қызметкер жұмыс істеп жатыр. Әрбір мекенжай бойынша полиция мен медицина қызметкерлері жұмылдырылған.

Қаланың барлық кіріп-шығу жолдарына қойылған 27 бекетте патрульдік полиция полкі, жедел әрекет ету жасағы, ұлттық гвардия сарбаздары жұмыс істеп жатыр.

"Блок бекеттер жұмысы іске қосылған күннен бастап 28 960 автокөлікпен 59 975 жолаушы қала аумағына кірді. Түрлі жағдайға байланысты және қала тұрғыны саналмайтын 2 765 көлік жүргізушісіне қалаға кіруге рұқсат берілген жоқ. Ал Алматы аумағынан 23 555 көлікпен 50 209 жолаушы шықты", - деді Мұратәлиев.

Тағы оқыңыз: Алматы тұрғындары қоршауға алынған аумақта не болып жатқанын айтты

Айта кетейік, бүгін карантинге байланысты Алматыдағы саябақтар уақытша жабылды. Сондай-ақ, қаладағы валюта айырбастау пунктерінің жұмыс уақыты шектелді. 2020 жылдың 21 наурызынан бастап 25 наурызына дейін барлығы, оның ішінде екінші деңгейлі банктердегі айырбастау пунктері  10.00-ден 16.00-ге дейін жұмыс істейді.

Алматы қаласының штабы жанындағы Open Almaty байланыс орталығына психологтар тартылды. Бүгіннен бастап тұрғындар 1308 нөміріне хабарласып, медицина мекемелерінің мамандарынан кеңес ала алады. Орталық таңғы сегізден түнге дейін қызмет көрсетеді.

Коронавирус эпидемиясы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 16 наурызда Қазақстанда төтенше жағдай жарияланды. Ол отыз тәулікке жалғасады. 19 наурызда Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласы карантинге жабылды.

Тағы оқыңыз: Коронавирустың он ошағы: Алматы әкімдігі мекенжайды жариялады  

Азаматтарға екі қалаға кіріп-шығуға 22 наурызға дейін уақыт берілді. Карантин енгізілуіне байланысты ірі сауда және ойын-сауық орталықтары, мәдениет, тамақтану және қызмет көрсету орталықтары уақытша жабылды.

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 53 адамға жетті.

Алматы қаласында – 22, Нұр-Сұлтан қаласында – 28, Қарағанды қаласында – 2, Алматы облысында бір адам тіркелді.

Жаңалықтар
0