НҰР-СҰЛТАН, 20 наурыз – Sputnik. Төтенше жағдай кезінде әкімдер мен министрлерді тағайындауға, басқа да кадрлық ауыс-түйіске тыйым салынбайды. Бұл туралы әділет министрі Марат Бекетаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Журналистер министрден коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимі кезінде кадрлық ауыс-түйіс жасауға бола ма деп сұрады.
"Төтенше жағдай және карантинге байланысты ешқандай шектеу жоқ. Барлық кадрлық шешім белгіленген процедуралармен іске асады. Оның үстіне, егер қажеттілік болса, мұндай шешімдер қысқа мерзімде қабылдануы мүмкін", - деп жауап берді Бекетаев астанада өткен брифингте.
Бұған дейін министр елде коменданттық сағат енгізу мәселесі қаралып жатпағанын айтты. Коронавируспен күресу үшін төтенше жағдай режимі жеткілікті дейді ол.
16 наурыздан бастап республикада төтенше жағдай жарияланды. Режим отыз күнге созылады.
Ал 19 наурыздан Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы карантинге жабылды.
Азаматтарға екі қалаға кіріп-шығуға 22 наурызға дейін уақыт берілді. Одан кейін Нұр-Сұлтан мен Алматы толықтай оқшауланады.