АЛМАТЫ, 20 наурыз– Sputnik. Джонс Хопкинс институтының сайтында Қазақстанда коронавирустан үш адам көз жұмды деген ақпарат шықты. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"Ресми түрде жоққа шығарамыз, бізде аурудан көз жұмғандар жоқ. Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған 49 адам бар. Қарағанды бойынша – 2 жағдай, Алматыда – 22 жағдай, астанада – 25 жағдай тіркелді. Барлық науқастың жағдайы қанағаттанарлық", - деді Ахметшәріп Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Бұған дейін бірнеше ресурста Қазақстанда үш адамның өлімі туралы хабар пайда болды.
Коронавирустан әлем бойынша мониторинг жүргізіп отырған сайт Түркияда қайтыс болған үш азаматты шатасып жазуы мүмкін екені айтылды.
Еске сала кетсек, 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай енгізілді. Елорда мен Алматы 19 наурыздан бастап карантинге жабылды.