НҰР-СҰЛТАН, 19 наурыз – Sputnik. Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен карантинді енгізу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бүгіннен бастап Нұр-Сұлтанда карантин режимі енгізіліп отыр. Қаланың айналасында 7 блок бекет орнатылды. Қалаға кіруге және одан шығуға әлі уақыт бар. Алдағы 72 сағаттың ішінде әуе және теміржол қатынасымен қаладан кетуге немесе келуге мүмкіндік беріліп отыр. Ағымдағы жылдың 22 наурызынан бастап барлық санаттағы тұрғындарға қала аумағына кіруге және шығуға толық шектеу қойылады", - деді Мәкен бүгінгі онлайн-брифингте.
Оның айтуынша, транзиттік пойыздар қалада тоқтамайды. Ал жүк көліктері колоннамен елорданың сыртымен айналып өтеді.
"Былайша айтқанда, қазір қаладан шығамын немесе осында келемін дейтін адамдарға 72 сағат беріліп отыр. 22 наурызда сағат 00:00-де кіруге де, шығуға да толығымен тыйым салынады. Блок бекеттердің бәрі жабылады. Сондықтан Нұр-Сұлтанға қонаққа келген адамдар тезірек шығып кетуі керек. Ал келемін дейтіндер кіріп алуы тиіс. 22-сіне дейін үлгермесе, карантиннің аяқталғанын күтуге тура келеді. Бұл – мемлекеттік комиссияның шешімі", – деп атап көрсетті Мәкен.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда пойыздар жүруін тоқтатады – қазақстандықтарға уақыт берілді
Әкім орынбасары қала маңындағы ауылдар туралы да айтты. Оның сөзіне қарағанда, карантиндік аймаққа Талапкер, Қараөткел, Қоянды, Қосшы, Жібек жолы мен Шұбар ауылдары кіреді. Ал бақылау-өткізу бекеттері осы елді мекендердің сыртында орналасқан. Сондықтан ауыл тұрғындары қалаға қатынай алады.