Қоғам

Мұхтар Жәкішев бостандыққа шықты

© AP Photo / STRМухтар Джакишев
Мухтар Джакишев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жазасының өтелмеген мерзімі аяқталғанға дейін Жәкішев тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда болады

НҰР-СҰЛТАН, 19 наурыз – Sputnik. "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының экс-басшысы Мұхтар Жәкішевті шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы сот үкімі күшіне енді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жәкішев мерзімінен бұрын үш жыл, екі ай және 17 күнге ерте босатылып отыр. Жазасының өтелмеген мерзімі аяқталғанға дейін ол тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда болады. Осы уақыттың ішінде Қазақстан аумағынан шығуға тыйым салынады.

Оқи отырыңыз: Бас прокуратура: Жәкішевті екі аптада бір дәрігер тексеріп тұрады

Соңғы отырыста Жәкішевтің өзі сот залына келген жоқ, кезекті процеске бейнебайланыс арқылы қатысты. Ал прокурор судьядан адвокат Нұрлан Бейсекеевтің Жәкішевті шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырмауды сұраған. Мемлекеттік айыптаушының сөзіне қарағанда, сотталушы 99 миллиард теңге шығынның тек 200 мың теңгесін ғана өтеді.

3 наурызда өткен сот отырысына Еуропа мен Нұр-Сұлтандағы елшіліктерден келген бақылаушылар да қатысты. Қазақстанның басқа да өңірлерінен келген жанашырлар көп болды.

Мұхтар Жәкішевтің ісі

"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев елордада 2009 жылдың мамырында ұсталды. Оған ірі уран кен орындарында мемлекеттік үлесті сатты деген айып тағылды.

Сот процесі жабық өтті. Жәкішев сот үкімімен кінәлі деп танылып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды.

2018 жылдың қыркүйегінде жаза мерзімінің жартысынан көбін өтегеннен кейін, Семейдің №2 сотына шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш білдірді. Алайда, сот 99,6 миллиард теңге мөлшеріндегі шығынды өтемегені үшін өтінішін қанағаттандырмады.

2018 жылы шілдеде Жәкішев Семейдегі ОВ-156/14 колониясына ауыстырылды. Бұған дейін ол Алматы облысындағы Заречный ауылында, содан кейін Қарағанды облысындағы Долинка елді мекенінде жазасын өтеді.

2019 жылдың 24 шілдесінде сот тағы да Жәкішевтің өтінішін қолдаған жоқ.

Осы жылдың ақпан айында Жәкішев Семей сотына үшінші рет шартты түрде мерзімінен босату туралы өтініш білдірген.

Оқи отырыңыз: Әблязов 140 мың АҚШ долларын төлеуге міндеттелді

Мұхтар Жәкішев "Қазатомөнеркәсіп" компаниясына 1998 жылы келді. Ол кезде ұлттық компанияның 85 миллион доллар берешегі болған. Бір жыл өткеннен кейін "Қазатомөнеркәсіп" шығынсыз жұмыс істейтін деңгейге шықты, Қазақстан уранының экспортына қойылған шектеу алынып тасталды. Ал 2009 жылы "Қазатомөнеркәсіп" уран өндіру көлемі бойынша әлемде бірінші орынға иелік етті.

Жаңалықтар
0