Қоғам

Бас прокуратура Қазақстанда төтенше жағдай енгізілуіне байланысты мәлімдеме жасады 

© Sputnik / Владислав ВодневПроблесковый маячок на полицейской машине
Проблесковый маячок на полицейской машине - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Төтенше жағдай және карантин кезінде ережелерді сақтамағандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады

НҰР-СҰЛТАН, 18 мар – Sputnik. Қазақстан бас прокурорының орынбасары Болат  Дембаев қазақстандықтарға үндеу жасады. Ол төтенше жағдай кезінде билік өкілінің талабын орындамағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.

Билік өкілінің талабына бағынбау

Коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстан президенті елдің бүкіл аумағында 2020 жылдың 16 наурызынан 15 сәуіріне дейін төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды.

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 2020 жылдың 19 наурызынан бастап карантин режимі енгізіледі.

"Бірқатар шара мен уақытша шектеулер белгіленді. Оларды орындамау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соқтырады (ӘҚБтК-нің 476-бабы – 10 АЕК айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу)", - деді Дембаев.

Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде билік өкілінің заңды талабына бағынбағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.  Қылмыстық кодекстің 379-бабы 2 мың АЕК айыппұлдан 2 жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаны қарастырады.

Карантиннен жалтару

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекстің 90-бабына сәйкес азаматтар медициналық ұйымдардың талап етуі бойынша тексерістен өтіп, емделуге міндетті.

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2020 жылдың 16 наурызындағы қаулысымен стационарлық және үй карантині енгізілді.

"Оларды іске асыру мақсатында уәкілетті органдар эпидемиологиялық жағдайы қолайсыз елдерден келген адамдарды анықтау, оқшаулау және емдеу бойынша шараларды қамтамасыз етуде", - делінген үндеуде.

Шектеу, оның ішінде карантин іс-шараларын тұрғындар және меншік нысанына қарамастан заңды тұлғалар орындауға міндетті.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 35 адамға жетті 

"Алайда карантиннен жалтару, шетелге шығу туралы мәліметтерді және байланыста болған адамдар туралы ақпаратты жасыру фактілері бар. Полицияның осындай талаптарына бағынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгенін атап өтеміз (ӘҚБтК-нің 667-бабы - 40 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 10 тәулікке дейін қамауға алу)", - деп толықтырды бас прокурордың орынбасары.

Санитарлық ережелерді бұзу

Сондай-ақ, санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының нұсқамаларын орындамағаны (ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігі – 500 АЕК-ке дейін айыппұл) және санитариялық ережелер мен гигиеналық нормаларды бұзғаны үшін (ӘҚБтК-тің 425-бабы – 5 млн теңгеге дейін айыппұл) әкімшілік жауапкершілік белгіленген.

Бұл ретте кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты қызметті тоқтата тұру түріндегі жаза қолданылуы мүмкін.

Егер мұндай әрекеттерден кейін індет абайсызда жаппай тараса немесе адам өліміне әкеп соқса, онда қылмыстық жауаптылық туындайды (ҚК-нің 304-бабы – 2 мың АЕК айыппұлдан 10 жылға бас бостандығынан айыруға дейін).

Сонымен бірге бас прокуратура шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға және арандатушылыққа берілмеуге шақырды. Шынайы ақпарат уәкілетті мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында жарияланады.

Жаңалықтар
0