НҰР-СҰЛТАН, 18 наурыз – Sputnik. Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 35 адамға жетті. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Алматы қаласында тағы 2 адам коронавирус індетін жұқтырғаны анықталды. Жалпы 35 науқас тіркелді, оның он сегізі – Нұр-Сұлтан қаласында, он жетісі – Алматы қаласында.
"Коронавирус жұқтырған тағы екі адам тіркелді. Оның біріншісі 1998 жылғы қыз, студент. 15 наурызда Стамбұл -Алматы рейсі арқылы ұшып келген болатын. Екіншісі 1974 жылғы әйел, 10 наурызда Мәскеуден ұшып келді. Екеуі де қазір стационарда, ем қабылдап жатыр. Жағдайлары жақсы", - деді министрліктің ресми өкілі Диас Ахметшәріп.
Елорда мен Алматы карантинге жабылады
19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылады. Президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия осындай шешім қабылдады.
Ішкі істер министрлігі Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының айналасында көлік пен адам қозғалысын шектеу үшін арнайы блок-посттар орнатады.
Тағы оқыңыз: Карантин кезінде Нұр-Сұлтан мен Алматыға кімдер кіре алады
Нұр-Сұлтан мен Алматыға осы қалаларда тіркелген азаматтар ғана кіре алады.
16 наурыздан бастап елімізде төтенше жағдай жарияланды, шектеу шаралары қабылданды.