Қоғам

Тоқаев Нұр-Сұлтан және Алматы әкімдерімен қашықтан кеңес өткізді

© Sputnik / Владислав ВодневРезиденция президента Казахстана Акорда
Резиденция президента Казахстана Акорда - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Президент екі қаланың басшысына тұрғындарды ең қажетті тауарлармен және азық-түлікпен толық қамтамасыз етуді тапсырды

НҰР-СҰЛТАН, 18 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әкімдерімен бейнебайланыс арқылы кеңес өткізді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Алтай Көлгінов Қасым-Жомарт Тоқаевқа елордадағы қазіргі ахуал және коронавирустың таралуына қарсы карантин енгізілуіне байланысты қабылданған шаралар жайында есеп берді.
Президент қала тұрғындарын ең қажетті тауарлармен және азық-түлікпен толық қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. 

Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері мен халықаралық ұйымдарға қатысты туындаған мәселелерді тез арада шешіп, тиісті көмек көрсету керектігін айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируске қарсы күрестің маңыздылығын айта келе, қала тіршілігіндегі басқа да өзекті мәселелерді күн тәртібінен түсірмеуді, атап айтқанда, су тасқынын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. 

Оқи отырыңыз: Бас прокуратура Қазақстанда төтенше жағдай енгізілуіне байланысты мәлімдеме жасады  

Сонымен қатар Бақытжан Сағынтаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Алматы қаласының карантин енгізу жағдайына әзірлігі, қосымша дайындалған төсек-орындар саны, коронавирус індетінің таралуына қарсы күреске қажетті ресурстар мен құралдарды жұмылдыру туралы баяндады. 

Мемлекет басшысы еліміздің ірі мегаполисін азық-түлікпен қамтамасыз етуге байланысты мәселелердің шешілуіне ерекше көңіл бөлуді, сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын қатаң бақылауда ұстауда тапсырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Бақытжан Сағынтаевқа Алматы облысының әкімімен бірлесіп Алматы қаласында жұмыс істейтін өңір тұрғындарының мегаполиске қатынау мәселелерін пысықтау қажеттігін айтты.

Коронавирус эпидемиясы

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 35 адамға жетті. Нұр-Сұлтанда – 18 адам, Алматы қаласында – 17 адам.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жарияланды. Ол 30 тәулікке жалғасады.

19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылады. Президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Қазақстанның басқа қалаларына коронавирустың таралуына жол бермес үшін осындай шешім шығарды.

Ішкі істер министрлігі Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласының айналасында көлік пен адам қозғалысын шектеу үшін арнайы блок-посттар орнатады. Нұр-Сұлтан мен Алматыға осы қалаларда тіркелген азаматтар ғана кіре алады.

Жаңалықтар
0