НҰР-СҰЛТАН, 18 наурыз – Sputnik. Мәжіліс депутаттары төтенше жағдай мен карантинге байланысты жаңа жұмыс форматына көшті. Бұл туралы төменгі палатаның төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Елімізде қалыптасқан төтенше жағдайға және қаламызда карантин жариялануына байланысты мәжілістің де жұмыс режимі өзгереді. Ертеңнен бастап мәжіліс жұмысының басым бөлігі басқа форматқа көшеді. Бұл әрбір азаматтың қауіпсіздігін сақтау үшін жасалатын шаралар. Оны бәріміз түсінеміз және жоғары жауапкершілікпен қарауымыз керек", - деді Нығматулин мәжілістің жалпы отырысында.
Айтуынша, мәжіліс депутаттарына тек пленарлық отырыс, комитеттер мен жұмыс топтарының отырыстары кезінде ғана ғимаратта болу ұсынылған.
Басқа күндері депутаттар қашықтықтан жұмыс істейді.
Мәжілістің жалпы отырысына тек депутаттар мен негізгі баяндамашы ғана қатысады. Ал жұмыс топтарының отырыстары сол топқа мүше депутаттар мен заң жобасын әзірлеген орган өкілінің қатысуымен өтеді.
Оқи отырыңыз: Мәжілісте кімдердің жәрдемақысы 367 мың теңгеге дейін өсетіні айтылды
Заң жобасы бойынша позицияны келісу, мүдделі мемлекеттік органдардан, парламенттік емес саяси партиялардан, үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығынан ұсыныстар жинау коммуникацияның заманауи түрлерін пайдалану арқылы жүргізілмек.
Мәжілістің жалпы отырысын, бейінді комитеттер мен жұмыс топтарының отырыстарын парламенттің www.parlam.kz сайтында онлайн көруге болады.
Сонымен қатар, Нығматулин парламенттік тыңдаулар мен үкімет сағаттары, жоспарланған негізгі шаралар кейінге шегерілгенін де атап өтті.
Мәжіліс ғимаратында жиналыс, жұмыс кездесулері мен азаматтарды қабылдауға шектеу енгізіледі.
"Депутаттар мен аппарат қызметкерлеріне қызмет бабымен немесе жеке шаруаларымен сапарға шығуға, іссапарларға тыйым салынады", - деді спикер.
Ол бүгіннен бастап мәжіліс аппараты қызметкерлерінің 70%-і қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшкенін айтты. Барлығының жалақысы сақталады.
Ал аппараттың қалған қызметкерлері қысқартылған жұмыс күніне ауысқан, яғни сағат 16.00-ге дейін жұмыс істейді.
"Бұл арқаны кеңге салуға себеп емес. Заң шығару жұмысының қарқыны мен сапасы төмендеуі керек", - деп түйіндеді сөзін Нығматулин.
Коронавирус эпидемиясы
18 наурыздағы мәлімет бойынша Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 35 адамға жетті. Оның он сегізі – Нұр-Сұлтан қаласында, он жетісі – Алматы қаласында.
Індеттің басқа өңірлерге таралуына жол бермеу мақсатында Нұр-Сұлтан мен Алматы 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантинге жабылады. Осыған байланысты қалалардың айналасында көлік пен адам қозғалысын шектеу үшін арнайы блок-посттар орнатылады.
Екі қалаға тек сол жерде тіркелген азаматтар ғана кіре алады.
16 наурыздан бастап елімізде төтенше жағдай жарияланды, режим отыз күнге созылады.