НҰР-СҰЛТАН, 18 наурыз – Sputnik. Шымкент қаласында Jýsan Bank бөлімшесіне қарулы шабуыл жасалды. Тонаушыны банктің қауіпсіздік бөлімінің қызметкері ұстады, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.
Банк қызметкерлері мен клиенттері арасында зардап шеккендер жоқ.
Мангельдин көшесі, 43/1 мекенжайында орналасқан Jýsan Bank-тің №112 бөлімшесінде 1971 жылы туған ер адам ұсталған, ол оқу-жаттығу гранатасымен қорқытып, кассадағы қолма-қол ақшаны алып кетпек болған, деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.
Оқи отырыңыз: Елордада қомақты ақша шешіп алған зейнеткерді банктің жанында тонап кетті
Jýsan Bank басқарма төрағасы Айбек Қайып бұл жағдай Jýsan Bank-тің қызметкерлерінің дайындығы пен кәсіби біліктілігі жоғары екенін тағы бір рет дәлелдегенін атап өтті
"Біздің клиенттеріміз Jýsan Bank-тің бөлімшелерінде қажетті банк қызметтерін қауіпсіз түрде қолдана алады. Осындай күрделі уақытта біз қауіпсіздік шараларын күшейттік және бәріне дайынбыз", – деді ол.