АЛМАТЫ, 18 наурыз – Sputnik. Алматы қаласы әкімдігі медициналық бетперде бағасын бекітті және белгіленген бағаны қатаң бақылауға алады. Бұл туралы Алматыда өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Тұяқбаевтың айтуынша, әкімдік барлық дәріхана желісімен, дәрі өндіретін компания және жеткізушілермен келіссөз жүргізді.
"Қалада медициналық бетперде тапшылығы жоқ. Өндірушілердің өз қоры бар. Күн сайын қалаға 80 мыңға жуық бетперде бөлінетін болады. "Дольче фарм" кәсіпорны бетперде өндірісі бойынша тағы бір желісін іске қосты", - деді Сапарбек Тұяқбаев.
Сондай-ақ, карантинге қатысты жұмысқа тартылғандар бетпердемен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар әкімдік қала дәріханаларындағы бетперденің бағасын бекітті: үш қабатты бетперде 87 теңге, көмір сүзгісі бар – 111 теңге тұрады.
"Бұл бағаны қатаң бақылауға алып, қажет болған жағдайда қатаң шаралар қабылдайтын боламыз", - деп толықтырды әкімнің орынбасары.
Тағы оқыңыз: "Бізге жұмыртқа лақтырады": Испаниядағы қазақстандықтардың мәселесі қалай шешіледі
Бүгін қала басшылығы Фарм өндірушілер қауымдастығымен бірге барлық аудан бойынша 48 дәріхананы анықтады.
"Барлық дәріханаға бейнебақылау орнатылды. Әрбір сатылым есептелетін болады. Кімге қанша бетперде сатылғаны бақыланады. Қажет болған жағдайда тағы да дәріханалар іздейтін боламыз",- деді ол.
Алматы қаласының 8 ауданында 48 дәріхана қала әкімдігі бекіткен бағада медициналық бетперде сататын болады.