НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз – Sputnik. Қазақстанның барлық медициналық және медициналық-әлеуметтік ұйымында, қарттар үйі мен интернаттарда карантин жарияланды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бүгіннен бастап медциналық ұйымдарда, ауруханалар, медициналық-әлеуметтік мекемелер, сонымен қатар интернаттар мен қарттар үйінде карантин енгізіледі. Осыған байланысты бұл мекемелерге тек сол жердің қызметкерлері ғана кіргізіледі. Бөгде адамдар кіре алмайды", - деді Біртанов онлайн брифингте.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда тағы 14 адамнан коронавирус табылды
Министр санитарлық-дезинфекциялық шаралар күшейтілгенін атап өтті.
Медициналық мекемелерде фото, аудио, видео түсіруге қатаң тыйым салынады.
Коронавирус эпидемиясы
Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда 27 адам коронавирус жұқтырды. Оның 13-і Алматыда, қалған 14-і Нұр-Сұлтан қаласында.
Айта кетсек, індетке шалдыққандар арасында екі жасар сәби де бар. Коронавирустың алдын алу мақсатында елімізде 16 наурыз таңғы сағат 08.00-ден бастап төтенше жағдай режимі жарияланды. Ол 15 сәуір күні таңғы 07.00-ге дейін күшінде болады.
Барлық көпшілік іс-шара тоқтатылды. Мектеп оқушылары 16 наурыздан бастап 5 сәуірге дейін демалысқа жіберілді. Ал студенттер онлайн оқыту жүйесіне көшті.
Ірі сауда орындарының жұмысы шектелді, бірақ азық-түлік дүкендері мен базарлар жұмысын жалғастыра береді.
Ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер және жұртшылық көп баратын басқа да орындар уақытша жабылды.
Ел аумағына кіру және шығуға шектеу қойылды.